Электромобильді жеңілдікпен әкелу тоқтатылып, қазақстандықтар үшін жаңа тәртіп енгізілді

28 қазан, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views51
Электромобильді жеңілдікпен әкелу тоқтатылып, қазақстандықтар үшін жаңа тәртіп енгізілді
Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстанда электромобильдерді жеңілдікпен әкелуге арналған квота толық пайдаланылды. Енді мұндай көліктерді әкелу жалпы негізде, барлық кедендік төлемдер мен салықтарды төлей отырып жүзеге асырылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz

Ведомство мәліметінше, Еуразиялық экономикалық комиссияның 2009 жылғы 27 қарашадағы шешіміне сәйкес, ЕАЭО аумағына әкелінетін электромобильдер кедендік әкелу бажынан босатылады. Алайда бұл жеңілдік жыл сайын әр елге белгіленетін квота шеңберінде ғана қолданылады.

2025 жылға Қазақстан үшін белгіленген квота 15 мың бірлікті құраған.

«2025 жылғы 14 қазанға қарай жеңілдікті әкелуге арналған барлық квота толық пайдаланылды. Осылайша, белгіленген лимит аяқталды және кедендік баждан босату шарасы енді қолданылмайды. Бұдан былай электромобильдер барлық кедендік төлемдер мен салықтарды төлей отырып, жалпы тәртіпте рәсімделеді», – делінген ақпаратта.

Электромобильдерді әкелетін жеке тұлғалар үшін кедендік рәсімдеудің үш нұсқасы бар:

1. Тауарларға арналған декларация (ТД):

– кедендік алым – 6 АЕК;
– қосылған құн салығы (ҚҚС) – 12.%.

Бұл төмендетілген мөлшерлемелер тек ДСҰ алдындағы міндеттемелер аясында және ЕАЭО Кеңесінің 2015 жылғы 14 қазандағы шешімімен бекітілген тізімге енгізілген көліктерге ғана қолданылады. Мұндай электромобильдерді тек Қазақстан аумағында пайдалануға болады, өзге елдерге қайта шығару рұқсат етілмейді.

2. ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифі (БКТ):

– кедендік алым – 6 АЕК;
– әкелу кедендік бажы – көлік құнының 15%;
– ҚҚС – 12%.

3. Жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД):

– рәсімдеу кезінде көлік құнының 27% мөлшерінде жиынтық кедендік төлем алынады.

Сарапшылардың айтуынша, квотаның аяқталуы электромобиль нарығында баға өсіміне әкелуі мүмкін. Дегенмен, жеңілдіктердің тоқтатылуы ішкі өндіріске және отандық электрокөлік жобаларын дамытуға ынталандыру береді.

Айта кетейік, елдегі электромобильдер саны 18 мыңға жуықтады.