China Energy компаниясы Қазақстанда күн және жел электр стансаларын салуға 1 млрд доллар инвестиция құяды

Бүгін, 17:23
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views54
China Energy компаниясы Қазақстанда күн және жел электр стансаларын салуға 1 млрд доллар инвестиция құяды
Фото: ҚР СІМ

Қытайлық компания Қазақстанда күн және жел электр стансаларын салуға 1 млрд доллар инвестиция құяды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен China Energy компаниясының президенті Цяо Сюбиннің кездесуінде белгілі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлары нақтыланды. Атап айтқанда, Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр стансасы, ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынады. Бұл жобалар COP-29 конференциясы аясында қол қойылған жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы Үкіметаралық келісімнің нақты нәтижесі болып саналады.

Сондай-ақ кездесуде тараптар «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп деректерді өңдеу орталығын салу жобасын талқылады. Жобада орталықтың энергиямен қамтамасыз етілуі жаңартылатын энергия көздері арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл бастама Қазақстан үшін стратегиялық маңызды екі бағытты яғни, «жасыл» энергетика мен цифрлық инфрақұрылымды дамытуды біріктіреді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов China Energy компаниясымен серіктестікті елімізге тек капитал емес, озық технологиялар әкелетін табысты инвестициялық ынтымақтастық ретінде атап өтті.

«Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жобалар – көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған ортақ, маңызды бастама. Сонымен қатар энергияны сақтау және «ақылды» желілер (Smart Grid) бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Министрлік барлық келісімнің уақтылы жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді ол.

Жиын соңында тараптар энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.