«Бариста» курсын оқып, дәмді кофе әзірлеуді үйрендім» – Joltap жобасына қатысушы

Астанада тұрғындардың кәсіби дамуына және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік беретін Joltap жобасы жалғасып жатыр. Елордалық оқушы Joltap жобаcы бойынша «Бариста» курсын тәмамдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астаналық Мақсат есімді мектеп оқушысы бос уақытында аниматор болып жұмыс істейді. Дегенмен ол мұнымен шектелмей, қазіргі таңда JOLTAP жобасы аясында «Бариста» курсын оқып, өз мақсатына нық қадам басып келеді.
Оқу барысында Мақсат кофемашинамен жұмыс істеуді меңгеріп, кофені дәмді дайындауды үйреніп, қорытынды емтиханды сәтті тапсырды. Енді ол кофеханада жұмыс істегісі келетінін, тіпті болашақта өз кофеханасын ашқысы келетінін айтады.
«Бариста» курсы тек партада отырып, теорияны оқитын сабақ емес. Сабақта жабдықтармен жұмыс істеп, өз қолыңмен дәмді кофе әзірлеуді практикалық негізде үйретеді. Енді мен бариста болып жұмыс істегім келеді. Бұл салаға мен қатты қызығамын. Болашақта өзімнің кофеханамды ашсам деймін. Курс кезінде көп нәрсе үйрендім. Қорытынды емтиханды сәтті тапсырып, өз бетімше дәмді кофе әзірлеуді меңгердім», - деді Мақсат.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 16-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін жүргізіледі. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланады.