PEMPAL: Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Қазынашылық комитеттері стратегиялық әріптестікті нығайтуды талқылады

Бүгін, 17:05
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views80
PEMPAL: Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Қазынашылық комитеттері стратегиялық әріптестікті нығайтуды талқылады
Фото: ҚР ҚМ Қазынашылық комитеті

ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің қызметкерлері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан PEMPAL қазынашылық қауымдастығының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР ҚМ ҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

13-16 қазан аралығында өтетін іс-шара қазынашылық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты тәжірибе алмасуға бағытталған.

Айта кетсек, Комитет төрағасы Рахат Тоқбаев бастаған қазақстандық делегация құрамында Комитеттің басқарма басшылары Баян Сыдықова мен Ануар Жақыпов та бар.

«Іс-шараның негізгі мақсаты – қазынашылық операцияларды жаңғырту және цифрландыру саласындағы өзекті үрдістерді талқылау, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы қазынашылық қызметі комитетінің тәжірибесімен және одан әрі даму перспективаларымен танысу», - делінген хабарламада.

Тараптар қазынашылықты цифрландырудың озық тәжірибелерін, оның ішінде мемлекеттік қаржыны басқару процестеріне бизнес-аналитика мен жасанды интеллектті енгізу мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.

Іс-шара барысында ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы Министрлігі жанындағы Қазынашылық қызмет комитеті арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарлануда. Бұл екі ел арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды тереңдету және стратегиялық әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.