Астанада ұландық әскери қызметшілер әлем кубогының жүлдегерлері атанды

Астанада ерлер мен әйелдер арасындағы жекпе-жек ұрыстан әлем кубогының финалы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды турнир Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен жарыста қазақстандық спортшылар жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін көрсетті. Олардың ішінде ел мерейін асқақтатып жүрген ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» клубының жауынгерлері де бар.«Өзін-өзі қорғау» дисциплинасында аға сержант Амангелді Тойбаев 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынды иеленсе, подполковник Айбек Қырықбай 95 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды.
«Жекпе-жек ұрыс» санатында да Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жақсы нәтижелер көрсетті: Медет Самитаев 95 келіге дейінгі салмақ бойынша, ал Мансұр Мимбулатов 67 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды. Осылайша, «Burkit Team» жауынгерлері Қазақстан құрамасының қоржынына төрт қола медаль салып, құқықтық тәртіп әскерінің беделін биікке көтерді.
Айта кетейік, биыл турнирге 15 елдің ұлттық құрамалары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, финал халықаралық ынтымақтастықты нығайтқан маңызды спорттық оқиға болды.