Астанада Махатма Гандидің 156 жылдығы аталып өтті

Бүгін, 15:25
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
views72
Астанада Махатма Гандидің 156 жылдығы аталып өтті
Фото: Астанадағы Үндістан Елшілігінен

Бүгін елордада Махатма Гандидің 156 жылдығы аталып өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астанадағы Үндістан Елшілігіне сілтеме жасап.

Есіл өзенінің жағасындағы Ганди ескерткіші жанында өткен салтанатты іс-шараға  Қазақстандағы Үндістан Республикасының  Елшісі Я.К. Сайлас Тангал, Астана қаласы әкімінің орынбасары  Ерік Мейірхан, Венесуэланың Қазақстандағы Елшісі Розалба Ло Буэ Антико, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Азамат Малыбаев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ өкілдері, үнді қауымдастығының мүшелері, және студенттер қатысты.  Мұнда жиналғандар Махатма Гандидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сайлас Тангал Махатма Гандиді бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыздықтың нышаны ретінде еске алып, оның «Менің өмірім – менің жолдауым»  деген сөзінің адамзатқа бағыт-бағдар болатынын атап өтті. Ол Гандидің шындық, дінаралық келісім, тұрақты өмір сүру мен жанашырлық сияқты құндылықтары қазіргі әлемдегі қақтығыстар, теңсіздік және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлермен күресуде ерекше өзектілігін айтты. 

Елші Қазақстан да Махатма Гандидің мұрасын жоғары бағалап, Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Үндістанды зерттеу орталығы, сондай-ақ Алматыда Махатма Ганди мұражайы мен мектебі құрылғанын айтты. Бұл нышандар Үндістан мен Қазақстан арасындағы достық пен ортақ құндылықтардың терең байланысын көрсетеді. 

Іс-шара барысында Свами Вивекананда мәдени орталығының қазақ және  үнді  студентері Гандидің сүйікті  әндерін орындады.