Елордада «Риголетто» қойылымының премьерасы өтеді

«Астана Опера» театрында белгілі композитор Джузеппе Вердидің «Риголетто» қойылымының премьерасы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталмыш театр ұжымы қазан айының 3-нен бастап қатарынан үш күн осы әлемдік деңгейдегі ғажайып туындыны елордалықтарға, қала қонақтарының назарына ұсынады. Оның режиссері – Арно Бернардғ қоюшы дирижері –Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев.
Қойылымның шығармашылық ұжымы осы операның көрерменнің жүрегіне жетуі үшін өзге туындыларға ұқсамайтын ерекшелігін, қарама-қайшылыққа толы қызықты сюжетін, партияларды орындаған өнер майталмандарының үлкен сахнадағы орасан еңбегін айрықша атап өтті.
«Риголеттодай» сирек, күрделі операның «Астана Опера» сахнасында қойылуы – өнер кеңістігіндегі елеулі оқиғаның бірі. Музыкасы мен қойылымы, жарқын костюмдері үйлескен, шын мәнінде сахна жұлдыздары жарқыраған опералық шығарма – тек театрдың ғана емес, әлемдік мәдениеттің ең елеулі оқиғаларының бірі, сондықтан да астаналық көрермендерді, қонақтарымызды осындай бақытты сәтке бөлегіміз келді, тағы бір керемет туындымызбен қуантқымыз келді»,- деді «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.
Елордада өткен премьераның басты ерекшелігі неде? Оған дүниежүзілік өнер сахналарында жарқырай танылған майталмандардың қатысуы айрықша ете түседі. Оның бірі – оңтүстік кореялық баритон Чжунхек Феликс Пактың қатысуы.
«Екі сағаттан астам уақытқа созылатын шығарманы тыңдаған, көрермені болған адамның жан дүниесінде өзгерістер болып, тылсым күй кешеді, өнердің құдіреттілігі сондай, тамағыңа ащы өксік тіреледі», - деді қоюшы режиссер Арно Бернард.
Премьераның алдын ала көрсетілімі кезінде Риголетто партиясын орындаушы, «Астана Опера» театрындағы опера труппасының директоры Талғат Мұсабаев пен Герцог партиясын орындаушы, опера солисі Жан Тапиннің сахнадағы жарқын бейнесіне, биік өнердің салтанатына тағы да куә болып, әлемдік шедевр дүниенің қазақ сахнасында үйлесім тапқанына қуанып қайттық.
«Джузеппе Верди шығармадағы әрбір партитураны, әрбір нотаны қанымен, жанымен жазған таңғажайып маэстро. Оның шырқаған әрбір әуені адамзатты тұңғиық, терең ізденіске, биік мақсаттарға жетелейді. Шығарма сонысымен де құнды», - деді қоюшы дирижер, «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ



