Отандық SCAT Airlines 2026 жылы көктемде Латвияға ұша бастайды

2 қазан, 2025
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views81
Отандық SCAT Airlines 2026 жылы көктемде Латвияға ұша бастайды
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Алматы қаласында Қазақстан мен Латвияның іскер топтарының 50-ге жуық өкілінің қатысуымен Қазақстан – Латвия бизнес-форумы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Форум барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту  мәселесі екіжақты қаралып, әуе қатынасын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2026 жылдың көктемінде SCAT Airlines Қазақстан мен Латвия арасында тікелей рейс ашатыны белгілі болды. 

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл жолаушылар тасымалын жеңілдетіп, іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтады, жобаларды жүзеге асыруды жеделдетіп, туризм мен бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

«Қазақстан мен Латвия арасындағы көліктің барлық саласындағы ынтымақтастықтың оң динамикасы аталып өтті. Мәселен, Қазақстаннан жүктерді Латвияның Рига, Вентспилс және Лиепа порттары арқылы транзитпен экспорттау Орталық Азия мен Еуропа арасындағы логистикалық желіде шешуші рөл атқарады», - делінген министрліктің хабарламасында. 

Тараптар сондай-ақ жүк тасымалы өсімінің дәлелі ретінде теміржол ынтымақтастығының жоғары әлеуетіне тоқталып, тікелей әуе қатынасы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.