Қазақстандықтар автобус пен таксиге қанша жұмсайды

Осы жылдың қаңтар–тамыз айларында елімізде автомобиль және қалалық электр көлігімен 1,2 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға артық, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өңірлік бөліністе жолаушылардың көпшілігі Алматыда тасымалданды: 314,7 млн адам немесе ел бойынша көрсеткіштің 25,9%-ы. Оңтүстік астанада жолаушылар тасымалының жылдық өсімі 5,8%-ды құрады. Екінші және үшінші орынға Астана (195,8 млн адам, 12,7%) және Қарағанды облысы (85,6 млн адам, 11,4%) орналасқан. Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау (12,2 млн адам), Түркістан (18,3 млн адам) және Жетісу (18,6 млн адам) облыстарында тіркелді.
Ел тұрғындары мен қонақтары автобустарды жиі пайдаланған. Яғни, автомобиль және қалалық электр көлігімен тасымалданған барлық 1,2 миллиард жолаушының 1,1 млрд-ы қоғамдық көлікпен қатынаған. Көрсеткіш жылдық мәнде 6,9%-ға өсті. Көліктің басқа түрлерінің ішінде таксимен тасымалдау 2,3 есеге, 102,2 млн адамға дейін ұлғайды, троллейбуспен тасымалдау, керісінше, 9,7%-ға, 20,4 млн жолаушыға дейін, трамваймен тасымалдау да 9,7%-ға, 10,4 млн адамға дейін қысқарды.
Осы жылдың сегіз айында көлік компаниялары жолаушыларды тасымалдаудан 311,4 млрд теңге (бір жыл бұрын 200 млрд теңге), жүктер мен багажды тасымалдаудан 930,6 млрд теңге (бір жыл бұрын 708,9 млрд теңге), жүргізушімен көлік құралдарын жалға беруден 143,6 млрд теңге табыс алды (бір жыл бұрын 115,8 млрд теңге).



