Елордада «Алаш қайраткерлері» ескерткіші маңында тазалық жұмыстары жүргізілді

Елордада «Таза Қазақстан: Таза Астана» экологиялық айлығы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру мен тазартуға арналған «Тарих пен мәдениет тынысы» апталығы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Экоапта 3 қазанға дейін болады. Оның мақсаты – тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру және тазарту.
Алғашқы күні елордалық Мәдениет басқармасының қызметкерлері мен оған қарасты 14 ұйым өкілдері «Жазушылар аллеясында» орналасқан «Алаш қайраткерлері» және «Үш арыс» ескерткіштерінің аумағында тазалау және абаттандыру жұмысын жүргізді.
Мұндай шаралар алты тарихи ғимараттың аумағында да өткізілді.
«Біз өз қаламызды жақсы көреміз, мұндай акциялар – оны іспен дәлелдеудің ең тиімді тәсілі. Астананың таза, әсем әрі жайлы болғанын қалаймыз», - деді елордалық Қуыршақ театрының актері Нұрасыл Ыбырайхан.
Қазіргі таңда Астанада шамамен 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 33 тарихи ғимарат бар. Экологиялық акция аясында 40-тан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
«Тазалау және абаттандыру жұмысы Бауыржан Момышұлына, Сәкен Сейфуллинге, Жамбыл Жабаевқа, Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіштердің, сондай-ақ басқа да тарихи-мәдени нысандардың аумағында жалғасын табады. Бұл бір реттік шара емес – біз мұндай жұмысты жүйелі түрде жүргіземіз. Әр бейсенбіде қалада ескерткіштерді күтіп-баптау іс-шаралары өтеді. Біздің басты мақсатымыз – вандализм әрекеттерінің алдын алу және ұлттық мұраға құрметпен қарауды қалыптастыру», - деп атап өтті Астана қаласы Мәдениет басқармасының Ескерткіштерді қорғау бөлімінің бас маманы Ақерке Тұяқбаева.