Қоржынымызда 1 алтын, 2 қола: күрес түрлерінен әлем чемпионаты қалай өтті

Бүгін, 15:12
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views47
Қоржынымызда 1 алтын, 2 қола: күрес түрлерінен әлем чемпионаты қалай өтті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

13-21 қыркүйек күндері аралығында Хорватия астанасы Загребте өткен күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі аталмыш жаһандық додаға шолу жасап көрді.

Әлем чемпионаты қайда өтті

2024 жылы Халықаралық күрес федерациясы (UWW) әлем чемпионатын алғаш рет Хорватия елінде өткіземіз деп шешті. Еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресінен 30 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекеде жаһанның 76 елінен 776 балуан қатысуға ниет білдірді. Олардың арасынан тек Қытай, Үндістан, Жапония, Түркия, Украина, АҚШ ғана толық құрамда (30 спортшы) өз өкілдерін сайысқа қосты. Ал Қазақстаннан 29 спортшы қатысуға ниет білдірді. Тізімге үңілетін болсақ, 13 жерлесіміз дебют (грек-рим күресінен Мерей Мәулетқанов (72 келі), Альмир Төлебаев (82 келі), Ислам Евлоев (87 келі), Рахат Бержанов (97 келі); еркін күрестен Әділет Әлмұхамедов (57 келі), Асылжан Есенгелді (61 келі), Начын Куулар (65 келі), Әлібек Әбдіқасым (74 келі), Камил Куруглиев (92 келі); әйелдер күресінен Зейнеп Баянова (53 келі), Лаура Алмағанбетова (59 келі), Тыныс Дүбек (62 келі), Бейбіт Сейдуалы (68 келі)) жасаған.

Еркін күрестегі қос қола

Еркін күрестен Қазақстан сапынан 2 бірдей әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов пен Ризабек Айтмұхан барғанымен, қайтадан алтын медаль алу өте қиын болатындығы түсінікті еді. Неге? Өйткені 10 салмақта сынға түскен 310 балуанның 40 спортшысы Ресейдің легионерлерінен құралды. Бір қызығы, барлық салмақта да бірде-бір легионер топ жара алмады. Бұл тізімде Қазақстан сапынан Тывадан келген Начын Куулар да бар еді. Алайда 65 келідегі балуан екі айналымнан өткенімен, 1/8 финалда бейтарап спортшы Ибрагим Ибрагимовке есе жіберді.

Жалпы еркін күрес шеберлер бозкілемде 25 белдесу (14 жеңіс, 11 жеңіліс) өткізген. Олардың арасынан 61 келідегі Асылжан Есенкелді мен Нұрқожа Қайпанов қола жүлдеге ие болды. Әсіресе Нұрқожа 0:4 және 0:6 есебімен жеңіліп жатса да, қарсыластарынан жеңісті жұлып ала алды. Ал 97 келіде сенім артқан Ризабек Айтмұхан бірінші белдесуінде-ақ Ибрагим Ибрагимовке (бейтарап спортшы) есе жіберді.

Әйелдер күресіндегі дағдарыс

Қайрат Сағадиев тізгіндейтін 9 аруымыз Хорватияда 10 белдесудің (1 жеңіс, 9 жеңіліс) біреуінде ғана жеңістің дәмін тата алды. Ресейден келген, 59 келідегі Виктория Хусаинова алғашқы айналымда Мексика балуанын ұтты.

Әсіресе, көпшілік сенім артқан, 2021 жылдан бері тұрақты түрде жүлде алып келген 72 келідегі Жәмила Бақбергенова бірінші айналымда Қырғызстан спортшысы Нұрзат Нұртаеваға жол берді.

«Жәмила Бақбергенова мен Эльмира Сыздықовадан жүлде күткен едік. Алайда Жәмила бірінші мәрте қырғыз спортшысымен белдесті. Оның үстіне капитан ретінде психологиялық тұрғыдан ауыр жүк болды. Эльмираны байырғы жарақаты мазалады. Көп балуандарымыз үшін ересектер арасындағы дебют болғандықтан, психологиялық жағынан жанып кетті. Осы жағынан жұмыс істеуіміз керек», - деді әйелдер құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев.

Грек-рим күресінен ұзақ жыл күткен алтын

Маусым айының ортасында ғана грек-рим құрамасының бас бапкері атанған 45 жастағы Қонысбек Төкенов қысқа мерзімде ғана мықты балуандарды жасақтай алды. Грек-рим шеберлері жаһандық додада ең көп 29 белдесу (16 жеңіс, 13 жеңіліс) өткізді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, 35 жастағы Демеу Жадыраев (77 келі), Мерей Мәулетқанов (72 келі), Ислам Евлоев (87 келі) қола жүлдеге қол жеткізе алмаса да, жеңіске деген жігерімен тәнті етті. Ал 60 келідегі Айдос Сұлтанғали араға 26 жыл салып, грек-рим күресінен Қазақстан тарихында қайта чемпион атанды.

«Қалай да болсын, алтынды елге алып келгім келді. Шүкір, қолдан келді. Барлық қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, бапкерлерге, жақындарыма алғыс айтқым келеді. Әзірше әлем чемпионы екенімді сезінбедім. Өзім осы жаһандық додаға жіті дайындалып, 100 пайыз дайын келдім. Көргендеріңіздей, финал мерзімінен бұрын бітті. Шүкір, тарихты жаңарту маған бұйырыпты. Осының барлығы ата-анамның, қазақ халқының жасаған дұғасының арқасында болды деп білемін. Енді алтын медальмен елге ораламыз!", - деді Айдос Сұлтанғали.

Грек-рим күресінен Қазақстан спортшылары неше рет алтын алды?

1999 жыл. Мхитар Манукян (63 келі)

1998 жыл. Мхитар Манукян (63 келі)

1998 жыл. Бақтияр Байсейітов (76 келі)

1997 жыл. Юрий Мельниченко (58 келі)

1994 жыл. Юрий Мельниченко (57 келі)

Қазақ балуандарының сәтті сериясы

Біздің спортшылар осымен үшінші жыл қатарынан әлем чемпионатынан елге алтынмен оралды. 2023 жылы Сербияда Ризабек Айтмұхан (еркін күрес) бастаған жолды 2024 жылы Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес) жалғады. Өткен тарихқа қарасақ, 1997-1999 жылдары да Қазақстан алтын медаль алу сериясын жалғастырған.

Енді Халықаралық күрес федерациясы (UWW) 2026 жылдың 5-13 қыркүйегінде Бахрейннің Манама қаласында келесі әлемдік жаһандық додаға қатысады.