Елордада өзге этнос өкілдері арасында шығармашылық байқау өтеді

Қазақстанда өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің рөлін күшейту мақсатында «Елім дегендер» атты республикалық шығармашылық байқау ұйымдастырылмақ. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Бұл туралы Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігі мен әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ұйымдастырып отырған байқау үш номинация бойынша өтеді: халық әндерін орындау, көркемсөз оқу және эссе жазу.
Байқаудың мақсаты – ата-бабаларымыздан мұра болған ынтымақтастық, достық, адамгершілік қасиеттерін дәріптеу; жасөспірімдер мен жастар арасында мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту; өлең жазу, тапқырлық, дарындылық сияқты шығармашылық қабілеттеріне (ақындық, шешендік шеберлігі, тапқырлығы т.б.) қолдау көрсетіп, ары қарай дамуына жол ашу.
Іріктеу кезеңі 10-30 қыркүйек аралығында онлайн форматта өтінім қабылдаудан басталады. Қазылар алқасының шешімімен үздік шыққан 100 қатысушы финалға жолдама алып, 22 қазанда Астанада өтетін республикалық қорытынды кезеңде бақ сынайды.
Байқау екі кезеңде өтеді: І кезең – іріктеу, 10-30 қыркүйек аралығында өтінімдер қабылдау. Қатысушылар арнайы поштаға өз өтінімдерін жібереді. Үміткер өзі туралы ақпараттарды толық жазып (оның ішінде, таңдаған номинациясы бойынша 2 минуттан аспайтын бейне материалдың сілтемесін немесе іріктеуге ұсынатын материалын) elimdegender.kz@gmail.com электронды поштасында жіберуі қажет.
1-10 қазан аралығында қатысуға өтінім жіберген барша үміткерлер арасында өзін ұсынған номинация бойынша, арнайы құрылған әділқазылар алқасы іріктеу өткізеді. Жалпы есепте үздік шыққан 100 үміткер ІІ кезеңге жолдама алады;
ІІ кезең – республикалық қорытынды, 22 қазанда Астана қаласында өтеді (қатысушылар тақырыптың ашылу тереңдігі, мазмұны, сауаттылығы, әдеби мәліметтерді орнымен пайдалануы бағаланады. Қорытынды есепте ұпай санына қосылады).
Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табысталады: бірінші орын – 300 мың теңге, екінші орын – 200 мың теңге, үшінші орын – 100 мың теңге. Жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге. Қатысушыларға арнайы атрибуттармен қамтамасыз етіліп, финалистерге жатын орын мен тамақ беріледі.



