Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views61
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымының алдында өрттің алдын алу бойынша белсенді жұмыстарын жалғастыруда. Өрт қауіпсіздігі акциясы аясында өрттің алдын алу және тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде. Көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Профилактикалық іс-шаралар аясында ТЖМ қызметкерлері аула аралап, рейдтер жүргізіп, тұрғындармен әңгімелесіп, нұсқаулықтар береді. Осы жұмыстар отынмен жылыту жүйелері мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау қажеттігін тұрғындарға түсіндіруге бағытталған. Әсіресе қосымша қолдауды қажет ететін азаматтар тұратын үйлерде өрттің алдын алу үшін жүйелі түрде жүргізілуде.

Бүгінгі таңда қауіпсіз жылыту маусымына дайындық аясында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар тұратын 100 мыңнан астам үй қамтылды. Жалпы есепте осындай санаттағы азаматтардың 109 мыңнан астам тұрғын үйі және 200 мыңнан астам көпбалалы отбасының үйлері бар. Тізімдер жүргізілген аралаулар барысында үнемі жаңартылып отырады.

Әкімдіктер мен волонтерлік ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта үйлерге 6 мыңнан астам датчик орнатылып, пешпен жылыту жүйесін, электр жабдықтарын жөндеуге көмек көрсетілді, сондай-ақ пештерді күйеден тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар әлеуетті қауіп-қатерлерді жылдам анықтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға және өрт қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Төтенше жағдайлар министрлігі барлық азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді:

- жарамды пештер мен электр аспаптарын ғана пайдаланыңыз;

- пештің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз;

- мұржаны уақтылы күйеден тазартыңыз;

- пештің және электр аспаптарының ақауларын үнемі тексеріп отырыңыз;

- пеш жағуды балаларға тапсырмаңыз;

- жағу үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаңыз.