Кәсіпқой бокс: жеңіс немесе ақша

20 қыркүйек, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views54
Кәсіпқой бокс: жеңіс немесе ақша
Фото: Несіп Жүнісбаевтың парақшасынан

Теренс Кроуфордтың таяуда біздің Головкинді жеңген Канелоны быт-шытын шығарып ұтқаны кәсіпқой бокс планетасында әлі де құйын боп ойнап,басылмай тұр.  Бұл шайқас жайлы 1000 адам пікір айтқан шығар.  Сол мыңның 999-ы дұрыс ой айтты: Кроуфорд таза жеңді! 

Енді сол Кроуфордтың кеше ғана 60 келілердің арасында жұдырықтасқанын ұмытып, 76 келіде Канелоны ұтқан соң оны дереу еске де алмай, енді 80 келіге таяп,одан да асқалы тұрған Дмитрий Биволға,одан да ауыр Давид Бенавидеске қосақтап,ол жұдырықтарды өздері жемейтін болған соң, қызылкеңірдектеніп, "шоқ! шоқ!" деп жатқандарын есту күлкілі,ал ол шайқастарды көру - азап...

Кроуфордпен шайқасқа түсетіндердің ауызша тізімінде біздің Головкин де жүр.  Оның Кроуфордтың Канеломен жекпе-жекке дайындығы кезінде  Кроуфордтың лагеріне барып,өзі үш рет шайқасып көрген Канело жайлы «бағалы кеңестер» айтқанын да, әдетте мұндайда маңында тышқан жорғаламайтын жерден хабар ала алатын журналистер жазып та, ТВ-ға түсіріп те көрсеткен.  ...Әрине,Головкин Кроуфордты Канелодан артық жақсы көргенінен емес болар бұл қадам: кеше ғана өзін екі рет жеңіп,бір рет тең түскен Канелоға деген реніш пен ыза жетектеп бармағанына кім кепіл?

Ол ойды өзіне қалдырайық, бірақ Головкиннің Кроуфордқа қарсы жекпе-жек өткізуі қиял дүниесі ғана.  Головкин өзінің кешелері қолғабын шешпей ұйықтап жүрген күндері ұта алмаған Канелоны сабап тастаған Кроуфордты дәл бүгін - рингке бастайтын жолды ұмыта бастаған жылдары сабап береді дегенге ешкім де сенбейді!  Мұның басқа себебі болуы да мүмкін: Ақша! Ақша! Ақша!..  Сауд Аравиясының шіріген байлары кәсіпқой боксшыларды топ итке бір сүйек тастағандай қырылыстырып жатқанда,сол есепсіз ақшадан бір қарпып қалғылары келгендер аз емес...

...Солардың бірі - өзінің кәсіпқой боксшы ғұмырында 1 600 000 000 доллар тапқан теңдессіз мықты Флойд Мейвейзердің де  тілін шығарды.  Кроуфорд - Канело шайқасы өтпей тұрып-ақ «Кроуфорд жеңеді!» деп пікір айтқан,тек пікір айтып қана қоймай,спортқа бәс тігетін кеңсеге барып, Кроуфордтың жеңісіне 50 000 доллар ақша қойып,соның үстіне 74 000 доллар ұтып алған Мейвейзер ақшаға зәру емес. Әйтсе де ақша шіркін көп болған ба, «Шақырып, тәуір ақша тіксе, Кроуфордпен мен шығуға дайынмын!» деп жіберді 48 жастағы Мейвейзер!  Ол біліп отыр: кезінде филлиппиндік Мэнни Пакьяомен шайқасына 250 000 000 доллар алған,ал әлгі тентек британдық Макгрегормен аралас шайқасқа түскені үшін 270 000 000 доллар алған Флойджан Кроуфордпен шайқасқа түссе бұлардан кем ақша алмасын іші сезеді...

   ...Қызық та қорқынышты! Екеуінің шайқасы емес,адамзат баласының бүгінгі таңдағы даму белестері: кезінде шаршы алаңның шаңын аспанға көтерген даңқты Мұхаммед Әли 60-тан аса жекпе-жек өткізгенде небәрі 50 000 доллар тапқан екен!  Бүгінгі ақша шашудың түрі жаман: доллар деген көк қағаз кәдімгі бір құйрық сүртетін қағаздай шашылуда.  Ал сол теңіздей қаржыны аш-арық пен ауру жанға,кедей-кепшік,отансыз сорлы босқынға, бар жиған-тергенінен бүкіл әлемді билеуші топтың бір ауыз сөзінен туып жатқан қырғын соғыста айрылып, азап шеккен миллиондаған сормаңдайларға, анасыз бала, әкесіз  шаңырақтарға неге беруге болмайды? Болмайды!  Өйткені олай ету қызық емес!!!

 ...Дүниені ақыл емес ақша билегенде осылай болады!  Ақ ісің нің жолы болмайды,ақ сөйлесең кіналы боласың,ақ жолыңа да ақша төсеп өтпесең,жолда... жығыласың. Сонан да болар - ақшасының мұрты да кетілмегендердің өзі ақша қуып,жын қаққандай жортып жүр...  Оның елесі біздің елде де бар...

Несіп Жүнісбаев