Funny Sport жобасы аясында елордалық тұрғындар Street Workout-та күш сынады

Бүгін, 20:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views41
Funny Sport жобасы аясында елордалық тұрғындар Street Workout-та күш сынады
Фото: Қанат Байұзақов

Астаналық тұрғындар екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан Funny Sport жобасының кезекті ерекше спорттық шарасына куә болды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Сенбі күні кешкі сағат 17:00-ге жоспарланған шараға қала тұрғындары, кішкентай жеткіншектер мен ата-аналар және әуесқой спортпен айналысатын жастар жиналды.

«Бүгінгі шарамызға 100-ге жуық қатысушы тіркелді. Олар кермеге тартылу, кеудені жерден көтеру, қоссырықтағы жаттығу бойынша өзара жүлдегерлерді анықтайды. Жеңімпаздарға да спорттық жүлделер беріледі. Сондай-ақ басты сыйлығымыз - 2 велосипед ойнатылады. Жалпы жобамыз 4 жастағы баладан бастап қамтыса да, дәл осы Street Workout-та 18 жастан жоғары жандарға ғана қатысуға рұқсат бердік. Өйткені күш пен техниканы талап ететін спортта жарақат алу қаупі жоғары», - деді Funny Sport жобасының авторларының бірі Жәмиля Федосова.

Шара барысында Street Workout-тың мамандары жаттығуды қалай дұрыс жасау керектігі жайлы практикалық дәрістерін де көрсетті. Олардың арасында гимнастикадан спорт шебері, ең үлкен 86 жастағы Мэлс Молдағалиев та бар.

«Бала кезден спортқа жақынмын. Гимнастикадан бастаған едім. Артынша зілтемір көтеру, кермеге тартылу және қыс мезгілінде салқын суға түсуге ден қойдым. 86 жасымда еркін жүруімнің бір себебі осы. Қазір де аптасына тұрақты түрде 3 рет жаттығу жасаймын. Ал бүгін жастарға ашық жаттығуды көрсетуге ұйғардым», - деп Мэлс Молдағалиев атты кісі жиналған жұртты өз өнерімен таңғалдыра білді.

Street Workout-пен тұрақты түрде шұғылданатындардың айтуынша, дәл осы Орталық саябақтағы жаттығу алаңында кез келген қала тұрғыны жыл 12 ай тегін түрде дайындала алады.

Айта кетейік, қыркүйек айынан бастау алған Funny Sport жобасы  8 креативті мастер-класс, жүгіру және эстафеталық жарыстарды қамтиды. Қазірдің өзінде флорбол, отбасылық эстафета, балалар жүгірісі, инклюзивті шеберлік сабағы, спорттық билер бойынша шеберлік сабағы және т.б бәсекелері өтіп үлгерді.

Ендігі шара 21 қыркүйек күні түскі 15:00-де «Жетісу» саябағында «аула ойындары» атты бағдарламамен өтпек.