Бас қаладағы коммуналдық мекеме қызметкерлері шағын футболдан сынға түсті

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 8 мекеменің қызметкерлері спорттық сайыста өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Турнир Alpha Gym спорт кешенінде өтіп, жарысқа «Астана аймақтық электржелілік компаниясы», «Астана тазалық», «Астана су арнасы», «Жасыл-Жер», «Elorda Eco System», «Zero Waste», «Taza Zher Capital», «Астана-Теплотранзит» ұйымдары қатысуға ниет білдірді.
«Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланған еді. Осы орайда олардың күнделікті қызметтерінен бөлек, спорт алаңдарында да бастарын біріктіруді ұйғардық. Өйткені олардың қаламызды дамытудағы еңбектері орасан. Алайда көп жағдайда олар назардан тыс қалып жатады. Шағын футболды таңдаған себебіміз: қолжетімді әрі мекемедегі көптеген қызметкерлер қатыса алады. Спорттың арқасында барша қатысушылар жарқын эмоция алып, өзара байланыстарын нығайта түспек. Айта кететін жайт, бұған дейін біз волейболдан да жарысты ұйымдастырған едік. Одан бөлек, әрбір мекемелерге барып, ұлттық спорт түрлерін де насихаттап жүрміз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Усербай.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, шағын футбол турниріне бұдан көп мекемелер қатысуына ниет білдірген. Алайда жалпы қалалық сенбіліктің өтуіне орай, бірнеше командалар жарысқа үлгермей қалған.
«Футбол - менің хоббиім. Бос уақытымда үнемі доп тебуге тырысамын. Бүгінгі жарыс жайлы мекемемізге арнайы шақырту келіпті. Бәсекеге қуана-қуана қатысуды жөн көрдік. Alpha Gym секілді заманауи спорт кешенінде сайысқа түсіп жатқанымызға разымыз. Шын мықтылар жеңіске жетсін», - деп «Астана су арнасы» командасының капитаны Әділхан Сағындықов жарыс жайлы әсерін айтты.
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен марапатталып, «үздік қақпашы», «үздік қорғаушы», «үздік шабуылшы» номинациясы анықталады.



