Астанадағы Funny Sport жобасының жүгірісіне 300-дей бала қатысты

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан Funny Sport жобасының кезекті бағдарламасы балалар арасындағы жүгіріске арналды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Орталық саябақта өткен спорттық шарада 4-12 жастағы қатысушылар жас ерекшілігі бойынша 100, 300 және 500 метр қашықтықта жеңімпаздарды анықтады.
«Астана қаласында балалар арасында жүгірістердің көп өтетіндігінен хабардармын. Алайда біздің де өз көздеген мақсатымыз бар. Біріншіден, осындай спорттық жарыс арқылы балалардың салауатты өмір салтын ұстануына қосқан үлесіміз деп білемін. Нәтижелерге қарап-ақ, жас спортшылардың кәсіби бәсекелерге дайын екендігін байқауға болады. Екіншіден, қаладағы жүгірістерге қарағанда біздің бәсекемізге қатысу толықтай тегін. Үшіншіден, әрбір бала жүгіріп қана қоймай, ыстық шай ішіп, сурет салып, батутта ойнай алады. Осының барлығы ата-аналар мен балалардың демалысын жақсы өткізуіне мүмкіндік береді деген сенімдемін», - деді жоба авторы Тимур Есимов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2024 жыл мен 2025 жылғы Funny Sport жобасындағы сайыстарда біршама ерекшеліктер бар. Себебі ұйымдастырушылар әрбір қатысқан жанға жаңа эмоция беруді көздейді.
«Мегаполисіміздегі спорттық жүгірістерге тұрақты түрде қатысамыз. Бүгінгі жүгірісті Funny Sport инстаграм парақшасынан көріп, қатысуға шешім қабылдадық. Барлығы керемет. Балалар үшін нағыз мерекелік атмосфера қалыптасқан. Барша ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», - деп Александра Камоза атты ата-ана өз әсерін білдірді.
Шара барысында жүлдегерлер медаль мен мақтау қағазымен марапатталып, лотерея арқылы түрлі сыйлықтарды жеңіп алды.
Айта кетейік, Funny Sport жобасы 21 қыркүйекте мәресіне жетеді.



