Елордада «Жұмысшы мамандықтар» аллеясы ашылды

Бүгін, 11:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views87
Елордада «Жұмысшы мамандықтар» аллеясы ашылды
Фото: Elordainfo.kz

Бүгін Астана қаласының «Сарайшық» ауданында «Жұмысшы мамандықтар» аллеясының салтанатты ашылуы болды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Сарайшық» ауданы әкімі аппараты ұйымдастырған ауқымды іс-шараға жұмысшы мамандық иелері, қоғам қайраткерлері, депутаттар және тұрғындар қатысты. 

Аллеяның ашылу салтанатында Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабденұлы «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, баршаны «Жұмысшы мамандар» аллеясының ашылуымен құттықтады. 

Қатысушылар көпқабатты үйдің қасбетіне салынған әртүрлі жұмысшы мамандықтар иелері бейнеленген муралдың ашылуын тамашалап қана қоймай, жаңа аллеяға 300-ден астам ағаш екті.

«Бүгін Жұмысшы мамандықтар жылына орай салынған аллеяға қалалық тазалық айлығы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке көлік, коммуналдық, аграрлық т.б. салалардан барлығы 350-ден астам жұмысшы қатысып, 360 ағаш егіліп отыр», - деді «Сарайшық» ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожакенов. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аллеяның аумағы 1 гектардан астам. Онда шағын архитуралық пішіндер де орналастырылған. 

«Астана Тазалықтан» келіп тұрмыз. Өзім осы мекемеде 2007 жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істеп келемін. Бүгінгі шуақты күнде ұйымдастырылып жатқан сенбілікке бір кісідей атсалысып жатырмыз. Осындай тамаша аллеяның көптеп салынғаны қаладағы үлкен кісілерге, балаларға аса пайдалы. Бәріміз де қаламыздың экологиялық таза болғанын қалаймыз. Санамыз таза болса, қаламыз да таза болады деп ойлаймын», - деген ойымен бөлісті Марат Жекенов. 


Аллеяға осы ауданда шаруашылыққа пайдаланылатын техникалар және суретшілердің картиналары көрмеге қойылды. Қатысушыларға көңілді демалыс ұйымдастыру мақсатында ашық аспан астында дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.