Заңсыз активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналады – Берік Асылов

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Заңсыз активтерді қайтару комитетінің Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналатыны туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналады. Негізгі мақсат – ел экономикасына, соның ішінде бұрын шетелге заңсыз шығарылғанды да қоса алғанда, қаражатты құюға ынталандыратын жүйе құру», -деді Бас прокурор.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысын оң бағалады. Прокуратура органдары қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарды – мұндай көлемдегі қаражат осындай қысқа уақытта бұрын-соңды қайтарылған емес.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асыру аясында олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілді, оның шамамен 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түсті.
Қайтарылған қаражат есебінен жалпы сомасы 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысанының, 177 медициналық мекеменің, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды. Олигополия субъектілерімен келісімдер жасалып, олар елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттемелер қабылдады.
Атап айтқанда, Алматы қаласында жаңа туристік кешен, басқа өңірлерде көлік-логистикалық орталықтар мен зауыттар салынады. Мысалы, 3 000-нан астам жұмыс орны құрылатын тау-кен байыту комбинаты салынады. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, ресурстарды өңдеу деңгейін арттырады, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, салық түсімдерін көбейтеді.
Бұдан бөлек, субъектілер 16 мектеп пен балабақша, 8 дәрігерлік амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені, 16 мәдени-демалыс нысанын салады. Жалпы құны – 122 млрд теңге. Бұл 8 000-нан астам қосымша жұмыс орнын ашады. Барлық жобаларға қатаң бақылау орнатылады.
Жалпы, бұл бағытта біз жүйелі жұмыс жүргізудеміз – халықаралық құқықтық байланыстар кеңейтіліп, цифрлық құралдар жетілдіріліп жатыр (жақында мен Сингапурмен құқықтық келісімдерге қол қойдым, сондай-ақ әлемнің ірі қаржы орталықтарымен тағы бірнеше жоба пысықталуда). Инвестицияларды қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағытына айналды. Бүгінде прокурорлар жалпы сомасы 87 трлн теңге болатын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде.
2023 жылдан бері:
• 937 проблемалық кейстер шешілді, 1 732 инвесторға (соның ішінде шетелдік инвесторларға) көмек көрсетілді;
• «прокурорлық сүзгі» енгізілді, ол прокурордың келісімінсіз тексерулер мен санкциялардыжүргізуге жол бермейді;
• 370 заңсыз тексеру, 438 әкімшілік іс, 200 шектеу шарасы тоқтатылды;
• бизнесті шектейтін 1 000-нан астам шешімді келісуден бас тартылды;
• 307 лауазымды тұлға жазаланды. Бұл шаралар нәтижесін берді:
• мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы талап-арыздары 60%-ға азайды;
• әкімшілік істер 12%-ға қысқарды;
• бизнеске қатысты қылмыстық істер саны 10 есе азайды (1 553-тен 154-ке дейін).
Айқын мысал — Алматы қаласында Haval, Chery, Changan маркалы жеңіл автомобильдер шығаратын мультибрендті зауыт жобасын іске асыру барысында инвестор бірқатар қиындықтарға тап болды. 2022 жылдан бері әкімдік тарапынан газға қосылуға рұқсат берілмеді, 2023 жылы құрылысқа архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы берілмеді, 2024 жылы электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар берілмеді. Объектіні пайдалануға беру актісі де кешіктірілді. Прокуратура араласуының арқасында бұл мәселелердің барлығы инвестор пайдасына шешілді. Қазіргі таңда жоба іске қосылды, жалпы инвестиция көлемі – 182 млрд теңге, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
«Сондай-ақ, вагон паркін жаңартқан үш көлік компанияларының ісі бойынша оң шешім қабылданғанын атап өткім келеді»,-деді Бас прокурор.
Оның айтуынша, Бас прокуратура наразылығынан кейін 1,7 млрд теңге субсидияны қайтару туралы уәкілетті органның талабы Жоғарғы сот тарапынан жойылды.
«Біздің мақсатымыз – әр инвестор үшін түсінікті әрі болжамды инвестициялық климат құру. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмысты жаңа деңгейге шығарады деп сенемін – ол экономиканы нақты ақшалай қаржымен, оның ішінде инвестициялармен толтыруға бағытталған барлық процестерді жеделдетуге және бизнеске сенімді қолдау көрсетуге көмектеседі»,-деп қорытты Берік Асылов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында активтерді қайтару жөніндегі комитет енді инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп аталатыны туралы айтты.



