Димаштың халықаралық жобасының түсірілімі еліміздің ең көрікті жерлерінде жалғасып жатыр

Бүгін, 14:13
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views55
Димаштың халықаралық жобасының түсірілімі еліміздің ең көрікті жерлерінде жалғасып жатыр
Фото: Туризм және спорт министрлігінен

Voice Beyond Horizon музыкалық жобасы – Димаш Құдайберген мен Hunan Broadcasting System бірлесіп жүзеге асырып жатқан бастама. Бұл жоба Қазақстанды миллиондаған көрерменге жоғары туристік әлеуеті бар ел ретінде танытады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Халықаралық жобаның түсірілімі Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Шоудың финалы елордада ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Димаш Құдайберген мен жобаға қатысушылар Түркістан облысынан Ақтау қаласына ат басын бұрды. Түсірілім аясында Каспий теңізінің жағалауында және Қазақстанның ең әсерлі табиғи мұраларының бірі – Бозжыра шатқалында өнер көрсету жоспарланған.

Түсірілімге Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген талантты орындаушылар қатысып жатыр. Қатысушылардың кәсіби деңгейін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды.

Жобаға Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдау көрсетіп жатыр.

Айта кетейік, биыл Туризм және спорт министрлігі 2025-2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірледі. Үкімет қаулысымен қабылданған құжат өңірді 9 бағыт бойынша жүйелі дамытуға бағытталған. Бұл жоспар туристерді тартуға қолайлы жағдай жасап, өңірдің одан әрі дамуына қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді.