Президент Жолдауда кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді саралап берді – Бақтықожа Ізмұхамбетов

Президент қазіргі Қазақстанның инвестициялық саясатын нәтижелі деп атауға келмейтінін айтты. Өйткені қазіргі таңда инвестициялардың басым бөлігі шикізат салаларына бағытталып жатыр. Осыған байланысты Үкіметке инвестициялық саясатқа жаңаша көзқараспен қарап, өңдеуші өнеркәсіпке капитал тартуға басымдық беру тапсырылды. Бұдан бөлек, жоғары технологиялар саласында жұмыс істейтін инвесторларға нақты жеңілдіктер қарастырудың қажеттігі де айтылды. Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Президент Жолдауына қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл ретте біз бір маңызды қағидатты естен шығармауымыз керек. Әкімшілік кедергілерді қысқарту мемлекеттік бақылау мен үйлестіру тетіктерін әлсіретуге алып келмеуі тиіс. Бұл ретте инвестиция тартуда мемлекет пен бизнестің арасындағы әріптестікке негізделген тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету маңызды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы, 3-тармағында Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, ал меншік құқығын мемлекет халық атынан жүзеге асырады делінген. Бұл — инвестициялық шешімдер қабылдауда қатаң ескерілетін принцип болуы тиіс. Сондықтан инвестицияға сұраныс тек көлемге емес, оның елге, халыққа, экономика мен экологияға қаншалықты тиімді екеніне негізделуі қажет», - дейді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Ол, сондай-ақ, Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе — азық-түлік қауіпсіздігі екенін атап өтті. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Үкіметке импортқа тәуелділікті азайту және ұлттық өнімдерді шетел нарығына белсенді түрде шығару туралы нақты тапсырмалар бергенін айтты.
Бұған қоса депутат биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 1 триллион теңге бөлінгенін, ал бұл - бұрын-соңды болмаған көлем екенін, ендігі басты міндет осы қаражатты тиімді, мақсатты пайдалану екенін айтты.
Осыған орай, Үкіметке заманауи агроэкономикаға көшу жөнінде нақты жоспар әзірлеу тапсырылған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын кеңейту, өсіруден бастап – өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз ететін агрохолдингтер тәжірибесін ел көлемінде тарату қажеттігі де айтылды. Әр өңірде дайын өнімді өндіруден бастап, оны дүкен сөрелеріне дейін жеткізетін бірыңғай жүйе құрылуы тиіс.
«Су мәселесі — еліміздегі ең өзекті және шешімін қажет ететін салалардың бірі. Президент атап өткендей, елімізде су ресурстарының нақты көлемі жөнінде нақты дерек жоқ. Тарату арналары ескірген, заманауи жабдықтармен жабдықталмаған.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы жасанды интеллект негізіндегі бірыңғай цифрлық су платформасын құруды; суды үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу үшін шетелдік компанияларды тартуды тапсырды.
Айта кетейін, 2022 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда, осы су мәселесіне, соның ішінде жерасты суларын тиімді пайдалану туралы өз ұсынысымды жеткізген болатынмын. Кейін, 2023 жылы қазіргі кезде әлемде ең үлкен басты проблеманың біріне айналып келе жатқан қажетті су қорын қорғау, үнемдеу үшін жер асты суларды пайдалану және тамшылатып суаруды міндетті түрде енгізу мәселесі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.
Онда еліміздегі Арал теңізінің апаты, Каспий теңізінің тартылуы, Балхаш көлінің азаюы, Жайық, Қиғаш, Сыр өзендерінің ортаюы, жылдан-жылға қиындықтар туғызып экологияға да, экономикаға да кері әсерін тигізіп жатқаны туралы және барлық суармалы егістікке қолдануға жарамды жерасты суларын кеңінен пайдалануға және тамшылатып суару әдісін мүмкіндік бар жердің бәрінде қолданысқа еңгізуді ұсынып, жерасты суы қоры жоқ жерлерде де қазірде дамыған технологияның күшімен (күріш егінінен басқа) жер үсті суларын тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы судың шығынын бірнеше есе азайтуға болатынын, ол кезде өнім артып, әрі тыңайтқыш үнемделетінін (дозаторлар арқылы), жердің тұзы шығып, сортаңдап тозбай адам күшін қолдану бірнеше есе азаятынын, тамшылатып суару құрылғыларын өзімізден, Орал қаласындағы заводтардан шығаруға болатынын айтқанмын.
Су мәселесі — арнайы мамандардың көмегімен кешенді түрде шешуді қажет ететін өте күрделі сала. Сондықтан бұл бағытта нақты, жүйелі және ғылыми негізделген шаралар қажет», - деді ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, мемлекет басшысының Жолдауы — еліміздегі әрбір мемлекеттік шешімнің, әрбір қадамның ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономиканы тұрақтандыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғанын тағы бір дәлелдеді.



