Elorda Aqparat медиахолдингі ұйымдастырған журналистер арасындағы бильярд турнирі басталды

Бүгін, 13:47
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views66
Elorda Aqparat медиахолдингі ұйымдастырған журналистер арасындағы бильярд турнирі басталды
Фото: Сұлтан Сейітов

Elorda Aqparat медиахолдингі Республика күніне, сондай-ақ «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына орай журналистер арасындағы дәстүрлі бильярд турнирін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биыл төртінші рет өткізіліп отырған бұл додаға елордадағы қаламгерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылуында Астана қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Гаипов сөз сөйлеп, егемендіктің бастауы саналатын Республика күні мерекесінің тарихи мәні мен маңызына тоқталып, тастаяқ додасына жиналғандарды Республика күнімен құттықтады.

«Бүгінгі жетістігіміздің бәрі - бейбіт заманның, тоқшылық дәуірдің, егемен ел болғанымыздың арқасы. Бас қаламыздың тарихын ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның әрбір тарихи күнінің куәгері қос басылымның мерейтойы құтты болсын», - деді ол.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы қатысушыларды мерекемен және қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, Elorda Aqparat медиахолдингі директоры Олжас Сыдықбек пен «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдырға шапан жауып, Академик Қаныш Сәтбаевтың 5 томдық еңбегін сыйға тартып, үлкен құрмет көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, жазушы Төлен Әбдік пен Қойшығара Салғара сөз сөйлеп, қатысушыларға батасын беріп, сәттілік тіледі.

Шапағат Әбдірұлы