Астанада сарапшылар отбасы институтын дамытуды талқылады

Астанада Президент Жолдауына орай ұйымдастырылған «Отбасы басты назарда: қазіргі сын-тегеуріндер мен бағдарлар» атты SARAP эксперттік клубының отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.
Жиынға қатысқан сарапшылар отбасы институтын дамыту мен нығайтуға қатысты мәселелерді, қазіргі замандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени сын-тегеуріндерді, сондай-ақ отбасы саясаты саласындағы перспективалық бағдарларды талқыға салды.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Рахимов іс-шараның маңызына тоқталды:
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жеті негізгі бағытты қамтыды. Олардың ішінде инвестициялық саясат, елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, аграрлық секторды дамыту сияқты аса маңызды мәселелермен қатар, басты басымдықтардың бірі ретінде адами капиталды дамыту қажет екені ерекше атап өтілді. Ал отбасы – осы адами капиталдың өзегі, қоғамның берік іргетасы. Сондықтан демографиялық үдерістерді терең зерттеп, ұзақмерзімді болашақты ескере отырып шешімдер қабылдауға айрықша мән беру қажет», - деді ол.
Ал ҚҚДИ Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Гүлдана Өтеулина отбасы құндылықтары мен дәстүрлерінің трансформациясы туралы баяндама жасады.
«Қазіргі уақытта отбасылық дәстүрлердің формасы біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Ұжымдық сипаттан жекеленген бағытқа қарай бетбұрыс бар: азаматтар алыс туыстарымен қарым-қатынасты сиретіп, жеке шекараға, эмоциялық жақындыққа және теңдікке көбірек мән береді. Жас отбасылар саналы қарым-қатынасқа негізделген жаңа тәжірибелерге ұмтылады. Дегенмен бұл олардың дәстүрлерден бас тартқанын емес, қазіргі әлеуметтік жағдайларға бейімделіп келе жатқанын көрсетеді», - деді Г.Өтеулина.
Сарапшылар талқы барысында қазіргі отбасылар жиі тап болатын мәселелерді, сын-тегеуріндерді ерекше атап өтті. «Демография» мамандығы бойынша PhD кандидаты, ұлттық эксперт Аяулым Сағынбаева Қазақстандағы туу көрсеткіші, жүктілікті жоспарлау және ана мен бала өліміне қатысты зерттеу нәтижесіне тоқталды.
Айтуынша, Қазақстанда 2023 жылы ана мен нәресте өлімінің төмендеуіне қарамастан, 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі 1,5%-ға артқан. Бұл көрсеткіш, әсіресе, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жоғары.
Қатысушылар Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында қоғамдағы жастардың рөлі мен болашаққа бағытталған басымдықтары туралы да пікір алмасты.
«Әлемдік зерттеулер көрсеткендей, skills mismatch – қазіргі ең өзекті мәселе. Өйткені университет түлектері бітірген кейбір мамандықтар еңбек нарығы сұранысына сәйкес келмейді. Бұл құбылыс Қазақстанда да бар. Мысалы, жастардың бір бөлігі жоғары оқу орнын үздік тәмамдаса да, нақты секторда жұмыс таба алмайды. Жұмысшы мамандықтарына тапшылық сезіледі. Сондықтан Жолдаудағы білім сапасын арттыру мен кәсіби бағдарлау бастамасы skills mismatch мәселесін шешуге бағытталған», - деді «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрайымы Ақнұр Тұрдалиева.
Одан бөлек, балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі, жасанды интеллектінің әсері және осы мәселеге қатысты ата-аналардың жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Жиын соңында қатысушылар гендерлік саясат ұғымының аясын кеңейтіп, оны отбасы саясаты ұғымымен ұштастыру маңызды деп атап өтті. Сондай-ақ отбасы институтын нығайту және осы саладағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.



