Елордада интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің іргетасын қалау рәсімі өтті

Астанада дәнді және бұршақ дақылдарын терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты іс-шараға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мустафа Капуджу, Tiryaki Agro Holdind басқарма төрағасы Сүлейман Тирьякиоғлу және т.б. қатысты.
Салтанатты рәсімде жиынға қатысушы меймандар капсула салып, құрылыстың басталуы үшін бірге батырма басты.
«Бұл агрокешен Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық аясында жаңа инвестициялар мен технологияларға жол ашады деп санаймын. Астана қаласының әкімдігі түрік бизнесіне ашық. Осында жағдай жасауға дайынбыз. Осы жобаның барлық қатысушыларына сәттілік тілеймін», - деді Жеңіс Қасымбек.
Жоба Kazak Protein ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда, оның құрылтайшылары – Tiryaki AgroHolding.
«Анкараға сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен кездестім. Ол бізге екі елдің бауырлас халық екенін, тарихи-рухани байланыстың терең екенін еске салды. Бүгінгі Қазақстандағы интеграцияланған агроөнеркәсіптік инвестиция сол көрегендіктің нақты көрінісі. Tiryaki Agro - ауыл шаруашылығы, азық-түлік, мал азық-түлігі, логистика салаларында қызмет ететін жаһандық отбасылық компания. Бүгін біз осы компанияның Түркиядан тыс ең ірі инвестициясының іргетасын қалап отырмыз. Бұл нысан Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға негізделген», - деді Сүлейман Тирьякиоғлу.
Қаланың индустриялық аймағында екі кешен салынады. Біріншісі бидайды терең өңдеуге, екіншісі ноқатты өңдеуге арналған. Өнімдер ішкі нарықта сатылып, Солтүстік Америка, Еуропалық одақ, ТМД елдеріне де экспортталады. Сондай-ақ жоба аясында шамамен 400 жаңа жұмыс орны ашылады.