Танымал спортшылар жалпықалалық сенбілікке үлес қосты

Бүгін, 12:32
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views70
Танымал спортшылар жалпықалалық сенбілікке үлес қосты
Фото: Қанат Байұзақов

Елордада 20 қыркүйек күні таңертең «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында жалпықалалық сенбілік басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Айтулы шараға 100-ден аса спортшы, бапкерлер және спорт мектептерінің ұжымдары қатысты. Олардың қатарында бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, каратэден Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Венера Жақсыбаева, пара дзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей бар.

«Өзім тұратын қалада үнемі сенбілікке қатысып жүрмін. Жарыс алдында болсын, турнирден кейін болсын, қалмауға тырысамын. Себебі қанша жерден әлем чемпионы атанып, танымал болсаң да, өзіңнің жақсы әрекетіңмен өзгеге үлгі болуға тиіссің», - деді бокстан 2 дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай.

Қатысушылар «Ғашықтар» саябағы аумағын тазалады.

«Бүгін біз спорт мектептеріміздің басшылары, жаттықтырушылары
 және спортшыларымен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалық сенбілікке қатыстық.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы бірреттік болмауы керек. Ол біздің өмір салтымызға айналуы қажет».

Біз бұл үндеуді толық қолдаймыз. Бірлескен еңбегімізбен қаланы абаттандыруға үлес қосып, жастарға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйретеміз. Осындай акциялар халықты біріктіріп, елімізді одан әрі таза, жайлы әрі көрікті етеді деп сенемін», - деп Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит ойын білдірді.

Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы жалғаса бермек.