Елордадағы Ұлттық музейде Президент Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды

Ұлттық музейде Президент Жолдауының негізгі бағыттарын талқылау бойынша іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сарайшық» ауданы әкімі аппараты ұйымдастырған талқылауға қоғам қайраткерлері мен мәслихат депутаттары, білім, мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары және ауданның белсенді тұрғындары қатысты.
Іс-шараны «Сарайшық» ауданы әкімі Мақсат Саматұлы ашты.
«Жолдауда цифрлық қызмет мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу қажеттігіне басты назар аударылып, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика салаларын дамыту және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, сонымен қатар адами капиталдың әлеуетін өсіру бектілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елорданың экономикалық дамуына айрықша назар аударды», - деді Мақсат Саматұлы.
Бұдан әрі баяндамашылармен таныстырып, алғашқы сөз кезегін Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайға ұсынды.
«Біз қазір тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Бұл өнеркәсіпті, экономиканың білім мен денсаулық сақтау саласымен ғана байланысты емес, бүкіл қоғамның жаңа даму траекториясы. Қазақстан да бұл үдерістің белсенді қатысушысына айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрландыруды еліміздің басты стратегиялық бағыты ретінде атап өтті. Президенттің сөзімен айтсақ, біздің міндетіміз жаңа технологияларды игеріп, оларды халық игілігіне жарату. Бұл - Қазақстанның бәсекеге қабілетті болашағының кепілі. Цифрландырудың стратегиялық маңыздылығына тоқталар болсақ, Қазақстан үшін цифрлық транформация тек техникалық жаңару емес, ол мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және экономиканы әртараптандырудың басты құралы. Президент Жолдауында ерекше атап өткеніндей, цифрлық шешімдер халыққа көрсетілетін қызметтерді жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдағы ашықтықтын арттырады», - деп баяндаған Бибігүл Жексенбай әрі қарай еліміздегі цифрландыру үдерісі қалай жүзеге асып жатқанын нақты мысалдармен айтып берді.
Оның айтуынша, қазір egov порталы арқылы мемлекеттік қызметтердің 700-ден астамы қолжетімді, оның 90-ы онлайн формат арқылы көрсетіледі. Электрондық құжат айналымы дамып, қағазбастылық азайып келе жатыр.
Инфрақұрылымдық өзгерістердің ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының нәтижесінде еліміздегі ауылдардың 90 пайызы мобильді интернетке қосылып жатыр. Дегенмен олардың сапасына қатысты әлі де сұрақтар бар. Сенатор бұл бағыттағы жұмыс Парламенттің, Үкіметтің назарында екенін айтты.
Сондай-ақ экономикалық бағыттарда статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы цифрлық экономика жалпы ішкі өнімнің шамамен 6 пайызын құрады. Бұған қоса сан түрлі салада цифрлық технология қарқынды қолданысқа еніп келеді.
Келесі сөз «Aстана Innovations» басқарма төрағасының орынбасары Дархан Айкеновке беріліп, спикер «Цифрландыруды дамыту және жасанды интеллектті қолданудың перспективалары туралы» баяндама жасады.
Бұдан соң Amanat партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының филиалы төрағасы Арсланбек Мағзұм, Smart sity сарапшысы Ботагөз Қасабек сөз алды.
Спикерлерден соң қатысушылар Президент Жолдауының негізгі бағыттарын талқылады.



