Сел қауіпті маусымы аяқталды: Қазақстандағы мұздақ көлдер қысқы режимге көшті
 
                            Ауа температурасының төмендеуіне, тұрақты қар жамылғысының қалыптасуына және мұздықтардың белсенді еруінің тоқтауына байланысты еліміздің оңтүстік-шығысындағы мұздақ көлдер қысқы режимге көшті, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2025 жылғы жазғы маусымда Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда (Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары) ауа райы ыстық әрі құрғақ болды. Мұздықтардың қарқынды еруіне және мұздақ көлдердің толуына қарамастан, мұзды немесе нөсер генезисінің сел ағындарының түзілу жағдайы тіркелген жоқ. Бұл Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» мамандарының уақтылы алдын алу іс-шаралары мен тұрақты мониторинг нәтижесі болды», - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, сел қауіпті маусым кезеңінде 78 жыл бойы жұмыс істейтін және 47 маусымдық гидробекет, сондай-ақ 30 диспетчерлік пункт қызмет атқарды. Тәулік бойғы бақылау стационарлық түрде де, аэровизуалды зерттеу әдістерін қолдану арқылы да жүргізілді. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бақылау жағдайын жақсарту мақсатында қытайлық әріптестердің қолдауымен жетуі қиын аймақтарда автономды өмір сүру жүйелерімен жабдықталған заманауи капсула модульдері орнатылды.
Мұздақ көлдердегі төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударылған.
Маусым-қыркүйек айлары аралығында Алматы және Жетісу өңірлеріндегі 14 биік таулы көлде инженерлік жұмыстар жүргізілді. Жалпы көлемі 1100 текше метрден аса су бұру арналары кеңейтіліп, тереңдетілді. Сонымен қатар шамамен 6 млн текше метр судың ағуын бақылап қамтамасыз етілген 31 сифондық құрылғы орнатылған.

Жұмыстар қолмен де, мамандар мен жабдықтарды жеткізуге мамандандырылған техниканы және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтарын тарта отырып та жүргізілген.
Ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 11 авариялық-механизацияланған бригада құрылған.
«Алдын алу шаралары барысында 3 ақпараттық және 170 ескерту тақтасы орнатылып, халыққа «Сақ болыңыз, сел!» тақырыбында 10 000-нан астам брошюра таратылды.
Аэровизуалды зерттеу мәліметтері бойынша қазіргі уақытта мұздықтар мен мұздақтарды жаңа жауған қар басқан, қардың қарқынды еруі байқалмайды. Көлдердегі су деңгейі қауіпсіз шегінде сақталған, беткі ағыны минималды. Таулардағы жағдай тұрақты және қауіпсіз деп бағаланады», - деді ведомстводан.

Селге қарсы қорғанышты одан әрі тиімді ету мақсатында ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» автоматтандырылған гидробекеттер желісін онлайн деректерді беру арқылы кеңейтуді, сел процестерін болжау және модельдеуге арналған сандық геоақпараттық жүйелерді енгізуді, мұздықтар мен мұздақ көлдерге тұрақты мониторинг жүргізу үшін дрондарды белсенді пайдалануды, сондай-ақ 2025-2026 жылғы қыс және қар көшкіні қауіпті кезеңге дайындық жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.
 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 Нұрдәулет Кәкіш
                                    Нұрдәулет Кәкіш
                                
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                