Жаңаөзендегі оқушы қыздардың төбелесі: сот бір жасөспірімнің анасын жазалады
 
                            Осыдан оншақты күн бұрын әлеуметтік желіде бір топ оқушы қыздардың төбелесі кезінде түсірілген видео таралған еді. Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы төбелеске қатысты әкімшілік істі қарап, бір оқушы қыздың анасын жазалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сот материалдарына сенсек, әйел азаматқа қатысты кәмелетке толмаған қызының тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмеді деген айып тағылған.
«Соттың анықтағаны, әйел 2011 жылы туған қызына тәрбие беруде өз міндеттерін тиісінше орындамаған. 2025 жылғы 8 қазанда сағат 21:00 шамасында Жаңаөзен қаласының 29-шы шағын ауданында қызы кәмелетке толмаған өзге қызбен жанжалдасып, төбелескен. Төбелестің видеосы Instagram әлеуметтік желісіне тарап кеткен», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта әйел адам кінәсін мойындап, хаттаманың мазмұны дұрыс деген. Бірақ жәбір көрген қыз төбелесті бірінші бастағанын айтып, ақталған.
Дегенмен сот оны кінәлі деп тауып, оған 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 Гүлден Мәдениет
                                    Гүлден Мәдениет
                                
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                 
                                