Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрлері Бейжіңде келіссөздер жүргізді

28 қазан, 2025
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views65
Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрлері Бейжіңде келіссөздер жүргізді
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Бейжің қаласында Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөздер өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Қытайдың Қазақстанмен сауда, инвестиция, көлік, энергетика және ғылыми-техникалық инновациялар сияқты негізгі салаларда ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін атап өтті. Бұл туралы Қытайдың Сыртқы істер министрлігі сайтында жарияланған хабарламада айтылған.

– Қытай тарапы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның белсенді рөлін жоғары бағалайды, – деп ҚХР Сыртқы істер министрлігі Ван И сөзін келтірген.

Сонымен бірге, ҚХР Сыртқы істер министрі Қазақстанның сыртқы істер министріне Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 20-шы шақырылымдағы 4-пленумының қорытындылары туралы айтып берді. Пленум биылғы қазан айында өткен, онда Қытай басшылығы 2026-2030 жылдарға арналған 15-ші бесжылдық экономикалық және әлеуметтік даму жоспарын талқылаған.

– Қытай реформаларды жан-жақты тереңдетуді және жоғары деңгейдегі ашықтық саясатын жалғастырады... Қытайдың жоғары сапалы дамуы, барлық елдерге, соның ішінде Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – дейді Ван И.

Кездесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сонымен бірге, сапар аясында ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытайдағы Қазақстан мәдениет орталығына барды.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы қараша айында Астанада Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы мәдени орталықтар құру туралы келісімге қол қойылған болатын.

ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысына сәйкес, Бейжің қаласында «Қазақстан мәдениет орталығы» мекемесі құрылды.