Астанада Республика күніне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі: тарихы, бүгіні және даму келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы, ҚР Парламенті Мәжілісі және Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты – Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдану кезеңдерін зерделеу, оның тарихи маңызын ашу, жаңа саяси жағдайда тәуелсіз Қазақстанның даму басымдықтарын айқындау.
Іс-шараға Парламент пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Конференцияны аша отырып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шынайы егемендік әлемдік интеллектуалдық күн тәртібіне қосқан үлес арқылы айқын көрінетінін атап өтті. Оның айтуынша, егемендіктің негізінде – күрделі шешімдер қабылдау мәдениеті мен еліміздің жаңа білімді тұтынушы емес, оны бірлесе жасайтын әріптес ретіндегі беделі жатыр.
«Жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер дәуірінде тұрақты дамудың берік іргетасы – мықты құқықтық жүйе. Заң мен тәртіп – мемлекет өміріне дәйекті түрде енгізіліп жатқан нақты қағида. Қоғамдық сананың белсенді трансформациясы жағдайында, соның ішінде реформалар мен цифрландырудың ықпалымен, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін, құқықтық сананы қалыптастыратын және билікке деген қоғамдық сенімді арттыратын тиімді тетіктерді құру аса маңызды», – деді С.Нұрбек.
Бұл пікірталас алаңы ұлттық мемлекеттілікті нығайту, Әділетті Қазақстанды құру, елдегі саяси институттардың эволюциясы, интеллектуалдық тарих пен қоғамның әлеуметтік-мәдени құндылықтарын дамыту мәселелері бойынша ой-пікір және идеялармен алмасуға мүмкіндік берді.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды, өзінің экономикасын, саяси жүйесін, халықаралық беделін қалыптастырды. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз, ең қымбат құндылығымыз. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жеткен ата-баба арманының, халықтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан егемендік ұғымы – өткеннің тарихы ғана емес, келешек алдындағы үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті елдің бірлігі, әділдік және заңның үстемдігі арқылы, сондай-ақ азаматтық сананы нығайтып, рухани биіктікке ұмтылу арқылы арқалауымыз қажет», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Өз кезегінде БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча мемлекет егемендігі кез келген елдің өмір сүруі мен дамуының іргетасы екенін атап өтті.
«БҰҰ Жарғысы барлық мүше мемлекеттердің егемен теңдігі қағидатын бекітеді. Дәл осы қағида елдерге – үлкені мен кішісіне, көнесі мен жаңасына – ортақ болашақты қалыптастыру ісіне тең құқылы қатысуға мүмкіндік береді. Қазақстанның тәуелсіздік алған сәтінен бастап жүріп өткен жолы егемендікті ұлттық мүдделерді қорғау құралы ретінде ғана емес, жаһандық бейбітшілікке, даму мен көпжақты ынтымақтастыққа қосқан үлес ретінде пайдалану үлгісі болып табылады. БҰҰ Қазақстанды сенімді серіктес ретінде жоғары бағалайды. Сіздің еліңіз – орта деңгейдегі мемлекет ретінде – өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде де маңызы бар дауысқа ие. Қазақстанның үлгісі өзге елдерді егемендікті қабырға емес, көпір ретінде қабылдауға шабыттандырады», – деді Саранго Раднарагча.
Ұйымдастырушылар атынан сөз сөйлеген ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік трансформациясының бастау нүктесіне айналып, қазіргі Қазақстан тарихындағы жаңа белесті айқындағанын атап өтті.
«Декларацияда тәуелсіз мемлекеттің барлық негізгі белгілері нақты бекітілді: өз аумағы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің толықтығы мен егемендігі, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы еркіндігі, мемлекеттік рәміздері және басқа да атрибуттары көрсетілді. Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуындағы ерекше тарихи маңызын айқындай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы өзінің Жарлығымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін берді», – деді Бақытжан Темірболат.
Конференция барысында АӨСШК Бас хатшысы Қ.Сарыбай, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, Сенат депутаты Н.Жүсіп, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Ә.Байменов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы А.Рогов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Н.Ниязова, Мәжіліс депутаты Е.Әбіл, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің директоры С.Нұрланова, Қасиетті Климент Охридски атындағы София университетінің саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдардың докторы (Болгария, София қ.) Т.Дронзина, Варшава университетінің профессоры (Польша, Варшава қ.) А.Вежбицкий, Парламентаризм институтының директоры Н.Пан, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі А.Масалимова, мемлекет және қоғам қайраткері А.Жағанова баяндама жасады.
Сонымен қатар Мемлекет тарихы институтының директоры Н.Пұсырманов ғылыми монографиялардың тұсаукесерін өткізді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қорытындысы бойынша Қарар қабылданды.



