«Елорда шежіресі»: «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті

Бейбітшілік және келісім сарайында «Elorda aqparat» медиахолдингінің құрамындағы «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған «Елорда шежіресі» атты салтанатты концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Концертті газеттерде әр жылдары басшылық еткен редакторлар, қаламгерлер, басылымның тұрақты авторлары, зиялы қауым өкілдері, оқырман қауым мен қала тұрғындары тамашалады.
Өнер жұлдыздарының концерті басталмас бұрын Президент әкімшілігі Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты Қалқаман Сарин сөз алып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өткен 35жыл – Тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келген Астананың қалыптасуы мен өсіп-өркендеуінің айнасына айналған кезең. Осы жылдар ішінде газеттердің әр санында елорданың тыныс-тіршілігі, қоғам өміріндегі маңызды оқиғалар мен елдік істер кеңінен қамтылып келеді. «Астана ақшамы» газетінде жарияланған ел тарихындағы тағдырлы шешімдердің жаңғырығы Тәуелсіздік жылнамасындағы айшықты оқиғалар ойлы оқырманның жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленді. Ал «Вечерняя Астана» газеті өз оқырманын сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп, қала өмірінің өзекті мәселелерін көтеріп, мазмұнды да беделді басылымға айналды. Екі басылым да бірнеше мәрте ұлттық және халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болып, өздерінің кәсіби деңгейін биіктетіп, жаңа медиа кеңістігінде лайықты орын алды. Қазіргі таңда «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамына кіретін редакциялар елорданың басты ақпарат көзіне айналып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Сіздердің қаланың дамуы мен елдің өркендеуі жолындағы шығармашылық еңбектеріңізге табыс тілеймін. Елордамен бірге өркендеп, халқымыздың сенімді ақпарат көзі болып қала берулеріңізге тілектеспін. Қаламдарыңыздан қуат кетпесін», - делінген ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатында.
Сонымен қатар Қалқаман Сарин кезінде «Ақмола ақиқаты» газеті студент кезінде өлеңдерін жариялап, Арқа жұртына ақын ретінде танытқанын атап өтті.
«Тура 30 жыл бұрын Семейден Ақмолаға талапкер ретінде келіп, оқуға түскенімде өлеңдерімді жариялап, Арқа жұртына мені алғаш ақын ретінде танытқан осы «Ақмола ақиқаты» газеті еді. Сол үшін басылымға ақын ретінде де, азамат ретінде де алғысым шексіз», - деді Қалқаман Сарин.
Сонымен қатар ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатын оқыды.
«Құрметті «Elorda aqparat» ұжымы! Сіздерді «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығымен құттықтаймын. Басылымдар елордамыздың тыныс-тіршілігін, қаланың өсіп-өркендеу кезеңдерін газет беттерінде кеңінен дәріптеп келеді. Қос газетте жарық көрген көптеген мақала Астана тұрғындарының мұң-мұқтажына назар аударып, түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етті. Басылымдардың оқырманы әрдайым көп болуына тілектеспін», - делінген Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатында.
«Elorda aqparat» медиахолдингінің бір топ қызметкері марапатқа ие болды. Басылымдардың ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, марапатты табыстаған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова министрдің құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті әріптестер! Сіздерді отандық ақпарат кеңістігіндегі беделді басылым «Астана ақшамы» газетінің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сонау 1990 жылы «Ақмола ақиқаты» атауымен алғашқы санын жариялаған басылым Тәуелсіз еліміздің тағдырлы кезеңдерінің куәсі әрі шежірешісі болды. Елорда атауының қайта жаңғыруы, Астананы көшіру туралы тарихи шешім, қаланың қалыптасуы мен дамуындағы барлық маңызды уақиғалар газеттің әрбір нөмірінен айқын көрініс тауып, ұлт жадында сақталды. Осы жылдар ішінде «Астана ақшамы» қоғамдық пікір мінбері ретінде елорда тынысын айқын жеткізетін өзекті материалдары, бай мазмұны және кәсіби ұстанымы арқылы оқырманның зор сеніміне ие болды. Басылым қаланың рухани, мәдени және әлеуметтік өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, елордалық журналистиканың көшбасшысына айналды. Алдағы уақытта да қаламдарыңыз мұқалмай, ел мен елорданың игілік жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын», - делінген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатында.
Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Астана үшін, елорда тұрғындары үшін бүгінгі мерейтойдың орны ерекше екенін атап өтіп, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылы алғаш рет жарық көрген «Ақмола ақиқаты» мен «Вечерний Целиноград» газеттері бүгінде елордалық журналистиканың айнасына айналды. Осы жылдар ішінде бас қаламыздың қалыптасуы мен өркендеуінің бар белесін қалт жібермей, елорда шежіресін қағаз бетіне қаттап келесіздер. Қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің айнасы ғана емес, елордалық руханияттың, қоғам дамуының шынайы куәгерісіздер. Бүгінде «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамындағы бұл екі басылым арқылы қала тұрғындары мен қонақтары Астананың тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен және жаңа бастамаларымен танысып келеді. «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» өз оқырманын жоғалтпай, уақыт талабына сай жаңарып, терең таңдамалы контент ұсынуда. Бұл – ұжым еңбегінің кәсіби адалдығы мен жауапкершілігінің айғағы. Қоғамдық пікірді қалыптастыру жолындағы жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Жазар жазбаларыңыз бен айтар жағымды жаңалықтарыңыз таусылмасын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын», - делінген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатында.
Кеш барысында «Тәрбие» сән үйі шапандар шеруі этно сән көрсетілімін ұйымдастырды.
Концертте Қайрат Баекенов, Құрмаш Махан, Өзгеріс Шерікбай, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосан, Гүлсім Мырзабек, Рухия Байдүкенова сынды өнер майталмандары, сонымен қатар «Қорқыт» этно фольклорлық ансамблі, «Жастар театрының» артистері, «Айналайын» балалар хоры өнер көрсетті.
Айта кетсек, 1990 жылы 13 қазан күні тұңғыш саны жарыққа шыққан аймақтағы алғашқы қазақ тілді басылымдардың бірі «Ақмола ақиқаты» 1998 жылы «Ақмола ақшамы», кейіннен республикалық қоғамдық саяси мәртебесі бар «Астана ақшамы» атанды.
2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанса, 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты және «Нұр-Сұңқар» сыйлығымен марапатталған.
Бұған дейін «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына орай елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Объективте – Астана айшықтары» фотокөрмесі өткенін жазған едік.



