«Диалогтан сенімге»: Астанада Рухани келісім күніне арналған конференция өтті

Рухани келісім күніне орай Астана қаласы Дін істер жөніндегі басқармасы мен «Қамқор-Астана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен елордадағы Достық үйінде «Диалогтан сенімге: бейбітшілікті нығайтудағы рухани құндылықтардың рөлі» тақырыбында XXXIII халықаралық конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, Рухани келісім күні идеясының авторы, ҚР қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов пен Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов және ҚР Митрополия округінің Астана шіркеулік округінің протоиерейі Дмитрий Байдек сынды діни бірлестіктердің басшылары қатысты.
«Рухани келісім күні - ел ішінде татулықты, дінаралық және ұлтаралық келісімді дәріптейтін, адамдар арасында өзара құрмет пен сенімді нығайтатын ерекше күн. Бүгінгі конференцияның тақырыбы өте өзекті. Себебі жаһандану дәуірінде рухани құндылықтар мен шынайы диалогтың маңызы артып келеді», - деді Мақсат Раманқұлов.
Жиын барысында қатысушылар Төлеген Мұхамеджановты «Адамзатқа қызмет еткені үшін Бүкіләлемдік қоғамдық тану сыйлығы» марапатымен құттықтады. Бұл марапат оған жақында Ресейдің Мәскеу қаласында өткен Дүниежүзілік Қоғамдық Ассамблеясының жиынында табысталған.
«Баршаңызды Рухани келісім күні мерекесімен құттықтаймын. Сіздерді осында көргеніме қуаныштымын. 33 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан осы конференцияға осында отырғандардың арасында жыл сайын үзбей қатысып келе жатқан мен ғана шығармын. Мұны тарихи оқиға деп айтуға болады. Бүгінгі конференцияға кейбір жастар жағы алғашқы рет қатысып отырған болар. Жалпы, бұл конференция мәңгі жалғасуы керек. Себебі мұндағы біз қаузайтын идеялар адамзатқа адамзат болып қалуы үшін қызмет етеді. Маған Мәскеуде табысталған сыйлық та «Адамзатқа қызмет еткені үшін» деп аталады. Сыйлықты табыстауға екі мың адамның алдында сахнаға шақырғанда, мен бұл сыйлықтың жалғыз маған емес, менің айналамдағы мүдделес адамдарға да берілген сыйлық екенін айттым. Бұл сыйлықты сіздермен бірге алдық. Сіздерге де құтты болсын», - деді Төлеген Мұхамеджанов.
Сонымен қатар ол 1992 жылы барлық діндердің, бітімгершілік қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің, руханият пен адам өмірінің мәселелеріне алаңдайтын белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің басын қосқан Бірінші Дүниежүзілік Рухани Келісім Конгресі адамзат тарихында тұңғыш рет Қазақстанда, Алматыда өткенін атап өтті.
«Содан бері Қазақстанда 18 қазан жыл сайын Рухани келісім күні ретінде аталып өтеді. Әлеуметтік маңызы бар күн болып саналады. Ол руханият пен мәдениеттің адам өмірінің барлық басқа аспектілерінен үстемдігін растауға арналған. Бүгінде бұл мерекені бүкіл әлем тарапынан жоғары бағалайды», - деді қоғам қайраткері.
Рухани келісім күніне арналған іс-шара К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде салтанатты концертке ұласты.



