Отандық бизнесті қолдау: Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына қандай өзгерістер енгізілді

«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңында отандық кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасау үшін жеткізудің ең төменгі мерзімін күнтізбелік 15 күннен 60 күнге дейін ұзарту, аванс мөлшерін 50 пайызға дейін ұлғайту, төлем мерзімін 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін азайту қарастырылған. Бұл туралы Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда отандық кәсіпорындардың өнімдерін кепілдікпен алуды қарастыратын офтейк-келісімшарттар жасасу тетігі көзделген.
Отандық бизнесті қолдауды одан әрі күшейту мақсатында биыл 24 маусымда Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, аванс мөлшерін 30 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту, жеткізудің ең төменгі мерзімін күнтізбелік 15 күннен 60 күнге дейін ұзарту, төлем мерзімін 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін азайту қарастырылған.
Министрліктің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде отандық өндірушілермен арадағы әріптестіктің көлемі айтарлықтай өскені байқалған. Мәселен, 2024 жылдың осы кезеңінде 199 млрд теңгеге 107 658 келісімшарт жасалса, биыл жалпы сомасы 397 млрд теңгеге 138 702 келісімшарт жасалған.
«Кез келген елде мемлекеттік сатып алу отандық бизнесті қолдаудың маңызды тетігі саналады. Мемлекеттік тапсырыс арқылы шағын және орта көлемдегі кәсіпорындар тұрақты сауда-саттықты жолға қойып, өндірісті дамытуға мүмкіндік алады. Өз кезегінде атқарушы билік органдары бағалық артықшылықтар мен конкурстарға қатысудың жеңілдетілген рәсімдерін қоса алғанда, отандық өндірушілерге қажетті преференциялар беріп, жаңа жұмыс орындарын локализациялау мен ашуға ынталандырады. Бұл тәсіл кәсіпкерліктің өсіміне әсер етумен қатар еліміздің экономикалық орнықтылығын нығайтып, ішкі нарықты импорт тәуелділігінен арылтады», - делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.
Сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы отандық кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасауға және ішкі өндірісті ынталандыруға бағытталған. Мәселен, мемлекет есебінен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде отандық өнімге басымдық беру көзделген. Бұл Қазақстан өндірушілеріне конкурстық рәсімдерде айтарлықтай артықшылық беріп отыр. Сонымен қатар заңда бизнестің міндеттемелерді уақтылы орындауы үшін тұрақты қаржылық ресурстарға ие болуына мүмкіндік беретін 30% мөлшеріндегі авансты міндетті түрде төлеу талабы бекітілген.
«Сондай-ақ ОТӨ келісімшарттың орындалуы мен аванстық қамтамасыз ету сынды қамтамасыз етудің барлық түрінен босатылып отыр. Тұрақсыздық айыбы туындаған жағдайда олардың мөлшері келісімшарттың жалпы сомасынан 3% аспайтын көлеміне дейін азайтылды. Аталған амал отандық ұйымдарға мемлекеттік сатыпалымға қатысуды анағұрлым қолжетімді етіп, белгілі бір сын-қатерді төмендетеді. Нәтижесінде бұл шаралар бизнестің қаржылық тұрақтылығын арттырып қана қоймай, өнеркәсіп әлеуетін дамытып, жұмыспен қамту көрсеткішін жақсарту мен Қазақстан экономикасының нығаюына ықпал етеді», - деді ведомстводан.
Ұлттық режимнен алып тастауды белгілейтін ҚР Үкіметінің қолданыстағы 6 қаулысында тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің 4 834 атауы қамтылған. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп тауарлары; машина жасау, химия, құрылыс өнеркәсібі тауарлары және азық-түлік тауарлары; жиһаз және машина жасау өнімдері; бағдарламалық қамтамасыз ету және электронды өнім; қан алу жүйесі (ветеринарлық); А3 және А4 форматындағы қағаз бар.



