Астанада Кәсіподақтар федерациясының салтанатты форумы өтті

Астанада Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының салтанатты форумы өтті. Іс-шара үш маңызды мерекеге арналған: кәсіби мереке – Кәсіподақтар күні, сондай-ақ Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және ҚРКФ-ның 35 жылдығы.
Салтанатты жиынға Еңбек министрлігі өкілдері және «Парыз» конфедерациясы басшылары, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, көшбасшылары мен белсенділері, сондай-ақ үздік еңбекші жастар қатысты.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың ғасырдан астам тарихындағы жетістіктері, кәсіподақ қозғалысының стратегиялық бағыттары және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту жөніндегі іс-қимыл жоспарын баяндады.
"Бүгінгі күннің маңыздылығы жоғары. Өйткені биыл Кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр, сондай-ақ Кәсіподақ федерациясының 35 жылдығы. Еңбек адамының өмірлік жолы, кәсіподақ тарихы Қазақстан тарихымен үндес. “Тар жол тайғақ кешуден өттік. Біздің мақсатымыз ынтамақтастыққа, әділеттілікке сену болды. Бүгінгі буын сол ардагерлер салған даңғыл жолды әрі қарай жалғастырып алға жылжыту”,- деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның сөзінше, жасанды интеллект қарыштап дамыған бүгінгідей алмағайып кезеңде кәсіподақтың қоғамдағы рөлі мен маңызы арта түседі.
“Қазіргі таңда біз еңбек адамына деген құрметті паш етіп жүрміз.
Біздің болашағымыз таза, әділетті Қазақстан. Президентіміздің реформалары мен кәсіподақ жұмысы бір-бірімен үндес. Жалпы осы жасанды интеллектіні қолдау кезінде жұмыскерлердің құқықтары қалай сақталады? Осыған ерекше мән беріп отырмыз. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалана отырып, еңбек адамының мәртебесін көтеруді естен шығармауымыз керек”, - деді ол.
Іс-шара барысында кәсіподақтардың 120 жылдық тарихы мен дамуына арналған «Тарихқа – тағзым, Бүгінге – өзгеріс, Болашаққа – сенім» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Форум соңында «Өз кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау және кәсіподақ қозғалысының ардагерлерін құрметтеу рәсімі ұйымдастырылды.



