Қазақстанда 2026 жылы электрондық денсаулық паспорттары іске қосылады

Елімізде жасанды интеллект енгізіледі және денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау шеңберінде электрондық денсаулық паспорттарын жасайды. Жоба туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, трансформацияның негізгі элементі осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған медициналық деректердің бірыңғай сақтау қоймасы болады. Оның негізінде 2026 жылы азаматтар өздерінің электрондық денсаулық паспорттарына толыққанды қол жеткізе алады.
Жасанды интеллект технологиялары қазірдің өзінде отандық клиникаларда инсульт, өкпе, сүт безі обыры және пневмонияны анықтау үшін КТ, МРТ және рентген суреттерін талдау кезінде белсенді қолданылады. Бірқатар медициналық ұйымда дәрігерлерге тексеру нәтижелерін жылдам талдауға көмектесетін ЖИ-көмекшілер жұмыс істей бастады.
«Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайтынын, керісінше оның мүмкіндіктерін күшейтетінін, медицинаны барлық азаматтар үшін заманауи әрі қолжетімді ететінін атап өткен жөн», - деді министр.
Қазірдің өзінде цифрландырудың айтарлықтай нәтижесі көріне бастады. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы медицина қызметкерлеріне жүктемені 40% дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Пациенттерді цифрлық сәйкестендіру кеңейтіліп, оның нәтижесінде 8 ай ішінде медициналық қызметтерді артық тұтыну көрсеткіші 6,7 млрд теңгеге төмендеді, ал іске қосылған бірыңғай төлем жүйесі ақауларды анықтау дәлдігін 4 есеге арттырды.



