2026 жылы тұрмысы төмен азаматтар МӘМС-пен қамтылады – Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында келесі жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар МӘМС бойынша медициналық көмек алатынын баса айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біздің басты мақсатымыз – ашық, әділетті және ең бастысы, әрбір азамат үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру.
2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады.
Осындай ауқымды өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыруға күш жұмылдыру керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне, Еңбек министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмысты жүргізу тапсырылды.
«Өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдап, сақтандыру жүйесіне жарна төлеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Жергілікті деңгейде енгізіліп жатқан өзгерістерді іске асыруға әкімдіктерді барынша жұмылдыру керек», - деп тапсырды Премьер-министр.



