Өңірлердегі ауруханаларда 900 төсектік орын ашылады – министр

Бүгінгі Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту мәселесі қаралды. Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы қаншалықты жоғарылап жатқаны туралы сұралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол министрлік барлық жұмыстарды медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағыттап отырғанын айтты.
«Бұл жерде бірнеше факторлар бар. Бірінші, кадрлардың құзіреттілігінің жеткіліксіздігі. Осыған байланысты 2025 жылы кадрлардың квалификациясын көтеру қолға алынды. 2,5 мыңға жуық дәрігерлер оқытылып жатыр. Оның ішінде емханада жұмыс істейтін дәрігерлерге тиісті басымдық беріліп отыр. Екінші, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін «Реновация» бағдарламасы бекітілді. Қазір 20 өңірде 4 мыңға жуық төсектік орын тапшы, ал 2025-2027 жылдары өңірлерде 900-ге жуық жаңа төсек қоры ашылатын болады. Тиісті тарифтер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көзделіп отыр. Сонымен қатар емдеу мекемелері қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған тарифтік саясат өзгеріп жатыр. 2024-2025 жылдардағы тарифтер өзгертіледі, 2026 жылы осы жұмысты толығымен аяқтайтын боламыз. Яғни, стационарлық сектордағы тарифтер осы халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігін тікелей әсер етеді. Осы шаралардың нәтижесінде 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың 8 айында көрсетіліп жатқан медициналық қызметке қатысты жазылған арыз-шағымдар саны 18 пайызға азайды», - деді А.Әлназарова.



