Жеңіс Қасымбек астаналық зейнеткерлерді құттықтады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Халықаралық қарттар күні қарсаңында аға буын өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Зейнет жасындағы адамдардың өмір сүру деңгейін арттыру және оларды қоғамға белсенді жұмылдыру мақсатында тұрақты әрі жүйелі шаралар қабылдап келеміз. Олардың бірі – «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын» ашу. Қазіргі уақытта қалада оның 6 филиалы бар. Олар елорданың барлық ауданында орналасқан.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында 20-ға жуық түрлі бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Мұнда жаттығу залдары, компьютерлік сыныптар, вокал және шығармашылықпен айналысуға арналған бөлмелер бар. Сол сияқты қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары, мәдени шаралар және т.б. пайдалы іс-шаралар өткізіледі», - деді Астана әкімі.
Сонымен қатар аға буын өкілдерінің қызығушылықтарына қарай мынандай клубтар да ашылған: «Атадан балаға аманат», «Зияткерлік ойындар», «Күміс дәрежелі ерікті», «Хор, вокал», «Бау-бақша» және т.б.
Мәселен, «Нұра» ауданында алдын алу массажына арналған екі кабинет жұмыс істейді. Мұндай орталықтар қариялардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, бос уақытын пайдалы өткізуге, пікірлес достар табуға мүмкіндік береді. Орталық қызметі – тегін.
«Сіздерді келе жатқан Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілеймін!» - деді Жеңіс Қасымбек.