Көкпар ассоциясының алғашқы төрағасы Болатбек Өтегенұлы

Очеркіміздің бас кейіпкері – Болатбек Өтегенұлы жүрегі «елім, жерім, ұлтым» деп соғатын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан мықты азаматтардың бірі де бірегейі. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Оның бір қыры, Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы саналатын, ұлттық ат ойындарының, оның ішінде, әсіресе, көкпардың дамуына, өсіп-өрлеуіне қосқан зор үлесінде жатыр.
ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тоғысында туған еліміз – Қазақстанның өмірінде мың жылда бір рет болатын ұлы оқиға болды. Ол ел астанасының қарт Алатаудың баурайынан қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның төсіне қоныс аударуы болатын. Ұлы көштің арқасында «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп дана халқымыз дәл тауып айтқандай, алты алаштың азаматтарының басы жаңа елорда – Астана қаласында бірікті. Мен, еліміздің ардақты азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген байланысшысы, Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының академигі, республикалық «Көкпар» ассоциясының алғашқы төрағасы Қанафин Болатбек Өтегенұлымен сол бір естен кетпейтін ерекше кезде, жастық шақтың от-жалын жүрегімен ел үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимей қарымды жұмыстарды, ұлтқа қажетті жобаларды бірінен кейін бірін жүзеге асырып, жұрт игілігіне жаратып жүргенде таныстым. Адам сөйлескенше, ат кісінескенше. Таныстығымыз достыққа және адами сыйластыққа ұласты. Қанафин Болатбек Өтегенұлы 1955 жылдың 1 қазаны күні Ұлытау облысының Ұлытау ауданының территориясындағы атақты Қарсақпай елді-мекенінде дүниеге келген. Қарсақпай кентінің ірге тасы 1911 жылы Аша қонысында қаланған. Қарсақпайда Қазақстандағы түсті металлургияның тұңғышы – мыс қорыту зауыты салынған. Бұл жерде халқымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым , Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев нәтижелі қызмет істеген. Аталарымыз «Тектіден текті туды, тектілік тұқым қуады» деген.
Болатбек Қанафин текті тұқымнан шыққан парасатты азамат. Әкесінің әкесі, ұлы атасы Тұржан елдің мүддесін қорғағаны үшін, жазықсыздан -жазықсыз репрессияға ұшырап, Қарағандының ГУЛАГ лагерінде азапты күндерді бастан кешкен. Әкесі Өтеген Тұржанұлы Қостанай облысының Қарабалық ауданының балалар үйінде тәрбиеленген. Болатбектің анасы Шамшия апай Қарағанды облысы, Жезді ауданының «Ұлытау» совхозының атақты директоры Нүркеев Сұлтанбектің қызы. Болатбек Өтегенұлы сүйікті жан-жары Гүльнара Олжабайқызымен ұлдары Байжан мен Мұратты ұяға, қыздары Әйгерімді қияға қондырып, олардан немерелер сүйіп отырған бақытты жандар. 1978 жылы Болатбек Қанафин Ташкент элкетротехникалық байланыс институтын тәмамдап, «радиобайланыс және радиотарату инженері» мамандығының иесі атанды. Еңбек жолын 1978 жылы Жеқазған қалалық Орбита спутникалық телевидения станциясының қатардағы инженері болудан бастады. Жоғарғы оқу орынынан алған білімнің және ізденіс пен еңбекке деген құлшыныстың нәтижесінде жас маман аз мерзімнің ішінде қыруар шаруа тындырып, ұжымның құрметіне бөленді. Ол қатардағы инженерден - Жезқазған қалалық радиотелевизиялық станцияның басшысы, «Астанателекомның» және Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникациясының бас директоры және «Казтелеком» акционерлік қоғамының басшыларының бірі лауазымды қызметіне дейін өсті. Байланыс саласында қажымай-талмай атқарған қызметтері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген байланысшы» атағымен марапатталды.
«Жігітте жігіт бар, Азаматы бір бөлек, жылқыдада жылқы бар, Қазанаты бір бөлек». Очеркіміздің бас кейіпкері – Болатбек Өтегенұлы жүрегі «елім, жерім ұлтым» деп соғатын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан мықты азаматтардың бірі де бірегейі. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Оның бір қыры, Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы саналатын, ұлттық ат ойындарының, оның ішінде, әсіресе, көкпардың дамуына, өсіп-өрлеуіне қосқан зор үлесінде жатыр. Осы жерде сәл шегініс жасап, түсініктеме бергенді жөн көріп тұрмын. Сонау 1994 жылы Өр Алтайдан ат айдап Алматыға келдім. Келудегі мақсатым кенжелеп, тұралап қалған ұлттық ат ойындарының жандануына, дамуына азаматтық тұрғыда атсалып, үлес қосу болатын. Алматыға келген бойда ұлттық спортқа бейжай қарамайтын абзал азаматтармен кездесіп, қайтсекте бұл саланы тірілтеміз деп, алдымызға үлкен міндеттер қойдық. Ең алдымен мен сол кездегі Қазақстан Республикасы жастар ісі және спорт министрі Бірғаным Әйтімова Сарықызының атына ұсыныс хат жаздым. Онда олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырғанда, ұлттық ат спорты түрлерінің тоқырап тұрғанын, оған мемлекеттік қолдаудың, арнайы ережелердің жоқтығын тілге тиек етіп, ұлттық ат ойындардың дамуына жете көңіл бөліңіз және атбегілердің алғашқы Құрылтай жиналысын өткізуге көмектесіңіз деп, тайға таңба басқандай тарихи Ұсынысымды жолдадым. Жолымыз болғанда, бұл хаттың орындалуы сол кездегі спорт министрлігінің бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовқа жүктеледі. Елсиярға зор Алғыс айтамыз. Хатта айтылған мәселелердің орындалуына ол үлкен жауапкершілікпен атсалысты. Осы ұсыныстың негізінде 1996 жылдың 1-ші наурызы күні Алматы қаласында қазақ атбегілерінің тұңғыш Құрылтайы өткізілініп, ұлттық ат ойындарының алғашқы Ережелері дайындалып, бекітілді. Ұлттық ат спорты түрлерінің республикалық Федерациясы құрылды. Жоғарыда жазғанымдай 1998 жылдың басында Ұлы көшпен, әсем қала Алматыдан - Ақмола қаласына қызмет ауыстырдым. Күнделікті жұмыстармен айналысатын шынайы жанашыр адам болмағандықтан, қай сала болсын тоқырауға ұшырайды. Біздің алыста болуымызға байланысты, әупірімдеп, әрең әрең құрылған Ұлттық ат спорты түрлері Федерациясының жұмыстары күн санап ақсай бастады. Енді не істеу керек? Ойланып, бәріміз ақыл қосып, Ұлттық спорттың бас офисін Алматыдан Астаға ауыстыру туралы шешімге келдік. Мен, тағыда қолыма қалам алып, спорт министрі Құлназаров Анатөлі Қожыкенұлының атына хат жолдадым. Біздің Ұсынысты Әлекең бірден қолдап, Алматыдан Елсияр Қанағатов пен Набидолла Кикебаевты жіберді. Мен оларды поездан тосып алдым.
Бәріміз бірігіп, бір кісідей жұмылып, ұлттық ат спортының өркендеуіне қажыр-қайратымызды, тәжірибемізді аямай жұмсадық. Күлтегінше айтқанда , түнде ұйықтамадық, күндіз дем алмадық. Соның нәтижесінде ұлттық спорт түрлері қарқынды дами бастады. Қалың ел біздің бастамамызды қолдады. Қатарынан ұлттық спорттың екі сьезін өткіздік. Біріншісі 1999 жылдың 7 сәуірі күні, екіншісі 2001 жылдың 12-13 ақпанында өткізілді. Атап айта кетерім, 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында өткен атбегілердің тұңғыш Құрылтайы және 1999 жылдың 7-ші сәуірі мен 2001 жылдың 12-13 ақпанында Астана қаласында өткен сьездерміз ұлттық спорт түрлерінің Стратегиясын айқындаған, абыройын асқақтатып, бағын арттырған мың жылдық маңызы бар ірі форумдар ретінде тарихта қалады. Бір сөзбен түйіндегенде біз, Ұлттық спорттың өркенниеті жүйесін жасадық. Көп ойланып, ұлттық ат ойындарының даму қарқынын жете зерттеп мынадай шешімге келдік. Республикалық ұлттық ат спорты түрлері Федерациясының құрамындағы көкпар, бүркітшілік, қыз қуу, түйе жарыс, аударыспақ, жамбы ату, жорға жарыстарды бөлек Федерациялар құру туралы қаулы қабылдап, жеке дербес дамуына мүмкіндік жасадық. Қазір қарап отырсам сол батыл қадамымыз өте дұрыс болған екен. Сонда , Қанафин Болатбек Өтегенұлының кандидатурасын републикалық «Көкпар» Федерациясының төрағасы болуға Сьездің қарауына ұсындым. Менің бұл ұсынысымды сьезге қатысқан 300 делегаттар бір ауыздан қолдады. Оның ішінде Республикалық ұлттық ат спорты түрлері Федерациясының президенті Қайрат Сатыбалды, Қырғыз Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты, Қырғыз Республикасы «Көкбөрі» федерациясының президенті Шерниязов Болатбек Есентайұлдары да болды.
Айтар жоқ, Болатбек республикалық «Көкпар» Ассоциясының жұмысына білекті түріп, белді буып, асқан жауапкершілікпен кірісті. Ең алдымен «Көкпар» Ассоциясының Уставын жазып, оны Әділет министрлігінен тіркеуден өткізді. «Көкпар» Федерациясының филиалдарын ашуды қолға алды. Мен өз тарбымнан, оннан астам облыстық филиалдарды ашуға тікелей атсалыстым. Сосын, Болатбек Өтегенұлы көкпар спорт түрінің Ережелерін заман талабына сай жетілдіріп, кітапша ретінде баспаханадан басып шығарды. Осыларға жұмсалған қаражаттарды Болатбек өз қалтасынан шығарды. «Көкпар» Ассоцияының атқарушы директорлары болып, алдымен, Игаев Мақсұт Бейсенұлы, сосын Марат Манабаевтар болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Болатбектің бастауымен, біздің қолдауымызбен, көкпар спорт түрінің бірінші республикалық чемпионаты өткізілді. Ассоцияның ықпалымен көкпардың жарыстарын қазақ телевизиясынан көрсету қолға алынды. Жер-жерде көкпар турнирлері жиі-жиі өткізілініп, жанкүйелер қатары күннен-күнге өсті.
2001 жылдың күзінде Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының тәуелсіздігіне арналған, көкбөріден халықаралық жарыс өткізілді. Онда Қырғызстанның президенті Асқар Ақаевтың Кубогі сарапқа салынды. Оған Қазақстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Ресейдің, Американың, Қырғызстанның көкпаршылары қатысып күш сынасты. Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясының Конгресі өткізілініп, оның республикалық филиалдары құрылды. Болатбек Өтегенұлы Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясы Конгресінің шешімімен Қазақстан Республикасы «Көкбөрі» Федерациясының президенті болып сайланды. Сөз жоқ, Болатбек Қанафин көкпардың қанат жайып өсіп- өркендеуі мен қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан ерен тұлға.
2025 жылдың 1 қазаны күні Қанафин Болатбек Өтегенұлы 70 жасқа толады.
Қалың оқырмандар мен атбегілердің , көкпаршылардың және жеке өзімнің атымнан ұлттық спорт түрлері, оның ішінде көкпардың дамуына ерекше зор үлес қосқан абзал азамат, белгілі меценат, ұлттық құндылықтардың қолдаушысы, жанашыры, республиканың еңбек сіңірген байланысшысы, Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының академигі , республикалық «Көкпар» ассоциясының алғашқы төрағасы Қанафин Болатбек Өтегенұлын 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Сізге мықты денсаулық, мол бақыт және жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін!
Өміріңіз бал болсын, ұрпақтарың нар болсын, Жаратқан ие әрқашан өзі жар болып, бақ-дәулеттеңізді, ырыс-берекеңізді күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға арттырып, абыройыңызды асқақтата берсін!
Сәдібек Түгел,
Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы ұлттық ат спорты федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының екі мәрте Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-публицист



