Астанада Еңбек күніне орай веломаусымның жабылуы өтеді

Бүгін, 10:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views56
Астанада Еңбек күніне орай веломаусымның жабылуы өтеді
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада 28 қыркүйекте ауқымды спорттық іс-шара – веломаусымның жабылуы өтеді. «Менің жетістігім – менің нәтижем» атты іс-шара Еңбек күніне орай және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елордадағы веломаусымның жабылуы велошерумен атап өтіледі. Маршрут ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Старт айналмалы веложолдан Қосшы бағытына қарай өтеді, ал мәре – Үркер (Ильинка) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында. Қатысушыларды тіркеу велошерудің өтетін күні сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі, одан кейін сағат 09:00-де ресми старт беріледі. Шараға қатысу тегін, алайда әрбір спортшы өзінің велосипедімен келуі тиіс. Қатысушылар саны 700 адаммен шектеледі.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева веломаусымның жабылуы тек ерекше спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар бірліктің, салауатты өмір салтының және еңбекке деген құрметтің белгісі болатынын, сондай-ақ бұқаралық спорттың елорда тұрғындары үшін маңыздылығын айқындайтынын атап өтті.

Мерекенің соңында ұйымдастырушылар тіркелген қатысушылар арасында лотерея өткізіп, бағалы сыйлықтар ойнатады.