Оқу-ағарту министрлігі «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялады

Бүгін, 12:48
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views50
Оқу-ағарту министрлігі «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялады
Фото: Сұлтан Сейіт

Еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі өтеді. Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса көрсетуге бағытталған.

Ұстаздық – мамандық қана емес, ұлы миссия. Педагогтер өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырады, әр баланың өз жолын табуына көмектеседі. Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беруде.

Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялайды. Бұл іс-шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.

Челленджге барлық ниет білдіруші қосыла алады, ол үшін:

* әлеуметтік желілерде #Ұстазыңдықұттықта #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялаңыз;

* өз ұстазыңызға қоңырау шалып, жылы лебізіңізді білдіріңіз;

* құттықтау хатын жіберіп, естеліктермен бөлісіңіз.

Еске сала кетейік, 2023 жылдан бері Қазақстанда Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік іс-шаралар өтеді.