Маңғыстау жерасты мешіттері сараптамадан өткізілді – Ерлан Қарин

Бүгін, 11:33
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views67
Маңғыстау жерасты мешіттері сараптамадан өткізілді – Ерлан Қарин
Фото: nationalgeographic.kz

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Үстірт жазығын және Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Телеграм-арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«17-24 қыркүйек күндері Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) сараптамалық миссиясы аталған тарихи-мәдени мұра нысанын сараптамадан өткізді.

Бұл жұмысқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, археология және реставрация саласындағы қазақстандық сарапшылар қатысты.

Сараптама барысында жерасты мешіттерінің буферлік аймағы мен шекарасын айқындау, консервациялау және қорғау, туристік инфрақұрылымды дамыту және тұрақты басқару мәселелері қарастырылды», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

ИКОМОС миссиясының қорытындысы бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін «Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері» номинациясының техникалық бағалауы бар сараптамалық қорытындысы дайындалатын болды.

«Аталған нысанға қатысты түпкілікті шешім ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 2026 жылғы шілдеде өтетін отырысында қабылданады.

Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығында ТМД аумағындағы алғашқы «Үстірт жазығы» бірлескен номинация жобасын қарастыру процесі басталды.

Осылайша, Ұлттық құрылтайда жарияланған президенттік бастамаларды нақты жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Ерлан Қарин.