Париж және Милан сән апталығында қазақ әжелері «Ақ маржан» топтамасын ұсынады

Бүгін, 17:11
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views67
Париж және Милан сән апталығында қазақ әжелері «Ақ маржан» топтамасын ұсынады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Еуропаның ең беделді сән сахналарының бірінде «Әлемді таңғалдырған әжелер» атты ерекше мәдени жоба көрсетіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Аталмыш жоба қатысушыларының жасы – 60 пен 74 аралығында. Олар еліміздің әртүрлі өңірлерінен кастинг арқылы іріктелген. Еуропаның сән сахнасын бағындыруға 20 қатысушы аттанады. Көрсетілімдерде олар ұлттық нақыштағы «Ақ маржан» топтамасын ұсынбақ.

Жобаның авторы – Раушан Әнуарбекова, танымал сәнгер, Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі, Ұлттық Дизайнерлер Академиясының академигі. Ол қазақтың ұлттық дәстүрінен шабыттанған заманауи топтамаларымен танымал және бұған дейін өз жұмыстарын Milan Fashion Week, Paris Fashion Week, Aspara Fashion Week сахналарында көрсеткен.

Айта кетейік, «Әлемді таңқалдырған қазақ әжелері» жобасы Еуропа сән апталығына төртінші мәрте қатыспақ. Биылғы іс-шара Халықаралық қарттар күніне және Қазақстанда дәстүрлі түрде аталып өтетін Қарттар айына арналады.