«Дарынсыз бала болмайды, оны аша білу қажет» – астаналық мұғалім

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Осындай сыйлы орынға лайықты ел ұстаздарының еңбегі бағаланып, жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болып жүргені қуантады. Солардың бірі – Астана қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының ұстазы Гүлнар Рахимова. Биыл тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы айрықша жетістіктері үшін оны «Құрмет» орденімен марапаттаған болатын. 5 қазан – Мұғалімдер күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі сандаған шәкірттерін білім шыңына шығарып жүрген Гүлнар Мизинбайқызымен оның өмірлік ісі – ұстаздық жолы туралы әңгімелескен еді.
«Мұғалімдер күніне орай әлеуметтік желіде өз ұстазыңды құттықтау челленджі өтіп жатыр. Осыған байланысты бүгін ерте тұрып, алғашқы ұстазымның 70-жылдары түскен суретін тауып алып, ол туралы Facebook-ке ой түйіп жазған едім. Біздің отбасымызда ұстаздық еткен ешкім болған жоқ, менің мұғалім болып қалыптасуыма әсер еткен алғашқы оқытушым еді. Оның сабақ беру мәнері, мінез-құлқы ұнайтын. Даусы ашық, ажарлы кісі болатын. Ұстазымның осы болмысы мамандық таңдауыма әсер етті. Оның үстіне бұрынғының үлкендері «Мұғалім бол» деп бата бермей ме? Ал көшеден мұғалімді көре қалсақ, алдынан қарсы шықпай, басқа жақпен айналып кететінбіз. Қонақ шақырылса, мұғалім төрде отыратын. Соның барлығы өсіп келе жатқан балаға ой салатыны анық», - деп қалай мұғалім мамандығын таңдағанын еске алды Гүлнар Мизинбайқызы.
Сол кезде қабылданған шешімнен соң Гүлнар Рахимова ұстаздық жолда биыл, міне, 45-жыл тынымсыз жұмыс істеп келеді. Ол мектепте мұғалім болып алғаш келгенде жасы 18-ге де толмаған еді. Қарағанды облысы Саран қаласында Абай атындағы педогогикалық училищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын өзі өскен Қарқаралы ауданының Қасым Аманжолов ауылына іргелес Бақты ауыл мектебінен бастады. Жақында ғасырлық тойын атап өткен бұл білім ордасы – ұлтымыздың нар тұлғаларының бірі Әлихан Бөкейханов іргесін қалаған мектеп болатын. Гүлнар Мизинбайқызы кейін өзі де елімізде қазақ мектебін ашуға атсалысып, ағартушылардың сара жолын жалғады. Кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп келген жас маман 90-жылдары Қарағандының түбіндегі сол кезде 93-94% неміс ұлты тұрған Инглис ауылындағы жаңадан ашылып жатқан қазақ мектебіне мұғалімдерді тартып, оқушыларды жинады. Ал ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ұстаздың екінші тынысы ашылған кез оның елордасына қоныс аударған шағы болды.
«2012 жылы Астана қаласына келдім. Осы жылдан бастап нағыз тарихшы ретінде ашылдым десем болады. Өйткені бұған дейін мектеп директорының тәрбие бойынша, ғылыми жұмыстарды жүргізу бойынша орынбасары болып келдім. №9 мамандандырылған «Зерде» мектебіне келгенде таза мұғалім ретінде жұмыс істеп, үлкен жетістікке жеттім деп айта аламын. Мұғалімдік мамандықтың нағыз қырын ашқан кезім болды. Балаларды түрлі жобалар мен олимпиадаларға дайындадым. Өзім де 2015 жылы байқауға қатысып, Астана қалалық «Үздік педагог – 2015» байқауының номинация иегері атандым. Ал 2017 жылы елордадағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатына директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналастым. «Зерде» мектебінде ұстаз ретінде жұмыс істеп көрінсем, «Білім-инновация» лицей-интернатында шығармашылыққа зор мән қойылды. Өйткені ол – халықаралық деңгейлерге көтерілетін орын. Сол жерде жан-тәніммен жұмыс істедім. Гиннестің рекордтар кітабына енген математика пәнінің мұғалімі, әріптесім Муаммер Гюльмен қатар жүріп қызмет еткен жылдар есімнен кетпейді. Сол жылдары балаларымыз халықаралық додаларға қатысып, физика, химия, математика, информатика, биология сияқты пәндерден дүркін-дүркін медаль алып келетін. 11-сынып оқушыларына сынып жетекшісі болғанымда 27 баланың 15-і «Алтын белгі», төртеуі «Үздік аттестатпен» бітірген еді. Ол кезде тестте тарихтан 25 сұрақ болса, оқушыларым соның 23 балын жинады. Осындай жұмыстардың нәтижесіне байланысты болса керек, маған «Қазақстан Республикасының білім беру беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді. Міне, сондай орталарда жұмыс істедім. Мұғалімдерге де үнемі «Астанада барлық жағдай бар, мүмкіндік бар. Керемет мектеп, дарынды оқушылар қандай?! Тек жұмысыңды істеп, өзіңді көрсет» деп отыратыным содан», - деген ұстаз екі жыл бұрын зейнеткерлікке қалса да, жас ұрпаққа білім беру ісінен алшақтап кете алмағанын айтты. Ол бүгінде Астана қаласы әкімдігінің №6 мектеп-гимназиясында ұстаздық жолын жалғастырып жатыр.
Қазір №6 мектеп-гимназияда директордың бейіндік ісі бойынша орынбасары болып қызмет істейтін ол әр ортаның өз ерекшелігі бар екенін айтты.
«Жалпы, мен мұғалімдерден гөрі балаларды бақылағанды ұнатамын. Өйткені біздің зерттеу обьектіміз –оқушы. Ауыл мектебіндегі балалардың ұстанымы, тәрбиесі, мұғалімге көзқарасы бір бөлек, «Зерде» мектебінде бір бөлек, ал «Білім-инновация» мектеп-интернатындағы балалар 3-4 тілді жете меңгерген, көп пәндер ағылшынша өтетін, алдына қойған мақсаттары жоғары, интеллектуалды, болмыстарды биік, өзін-өзі дамыту жолға қойылған орта ғой. Ал қазіргі №6 мектеп-гимназиясында баланың өзін сезінуі, ашықтығы, ешкімнің қысымынсыз, ештеңеден тәуелсіз өз бетімен жұмыс істегені ұнайды. Олардың ішінде қаншама құлшынысы жоғары балалар бар. Солармен жұмыс істеу – әр мұғалімнің міндеті. Жобаға тарту, олимпиадаға қатыстыру қажет. Бұл да Целиноград қаласы кезінен келе жатқан гимназия, сол жылдарда да жетістікке жеткен тарихи білім ордасы, әлі де алар асуы көп деп ойлаймын», - дейді ол.
Тәжірибелі ұстаздың пайымдауынша, қабілетсіз, дарынсыз бала жоқ, мұғалім соны аша білуі қажет. Мәселен, бір бала барлық сабаққа дайындалып, барлық пәннен жоғары балл алады. Бірақ ол бала қабілетті болғанымен, дарынды болмауы мүмкін. Бір бала болады, барлық сабаққа бірдей жақсы емес, бірақ жекелеген ғылымға өте бейім, талант десе де болады. Дегенмен, оның айтуынша, бүгінгі оқушыға ортақ кемшілік – олар көп ақпаратты қабылдауға, ұзақ мәтіндерді оқып, жаттауға шорқақ болғанымен, есесіне интернет пен ЖИ-ді шапшаң әрі тиімді қолдана біледі. Гүлнар Мизинбайқызының ойынша, оқушылардың ЖИ-ді пайдалануында әбестік жоқ, десе де ондағы әр ақпаратқа сыни көзбен қарап, деректерді, оқиғаларды салыстырып отырған жөн екенін айтады.
«Мен қазір «Қазақстан тарихынан» сабақ беремін. Біз оқып жүргенде бір профессор ағамыз «Мен – өтірік айтамын, кейін өздерің түзеп аласыңдар» дейтін. Өйткені ол сол кездегі бізге оқытылатын «Қазақстан тарихының» бұрмаланғанын біліп тұр. Кеңес үкіметі кезінде еліміздің тарихы бұрмаланғаны сонша ұшығын таба алмайтын дүниеге айналды. Бірақ қазір тың зерттеулер басталып жатыр, жаңа буын ғалымдар шығып жатыр. Жалпы, біздің ғылымның көзі Қытайда, Моңғолияда жатыр. Батыс елдерінен деректер шығуда. Жапонияда араб-қыпшақ сөздігіміз жатыр. Оның бәрін алып, дәлелдеу келешектің еншісінде. Сол себепті біреулер тарихты бос сөз дейді, бірақ өзім тарих сабағында көп сөйлегенді ұнатпаймын, тарихқа өз ойыңды қоспау керек, дәйекті сөйлеген дұрыс. Оқушыға бағдарламадан тарихи оқиғаның мәнін түсіндіріп, дәнін теріп, жүйелеп беру керек. Сол арқылы баланың өз бетінше зерттеу жасауына ой тастап, миға шабуыл жасаймыз. Олар алдарындағы кітапты оқып, ЖИ-ді пайдаланып, дәйектерді салыстырып алуы қажет.
Тарих математика сияқты «екіге екіні қосқанда төрт» дейтін нақты формула емес, бұл – өз бетіңмен «анализ» жасау. Ал сараптау үшін жүйе керек. Мысалы, Түрік қағанатын алайық, оның өмір сүрген жылдары, қандай территориялары бар, астаналары, қандай билеушілері болды – әуелі соны жүйелеп аламыз. Одан кейін негізгі оқиғаларға көшеміз, мемлекеттің ыдырау себебін іздейміз. Қарап отырсақ, барлық мемлекетке ортақ ыдырауға түрткі болатын заңдылықтар бар. Оның бірі – өз ортасында таққа таласу. Бұл – ең бірінші фактор. Екінші сыртқы фактор – көрші елдермен соғысу. Үшінші фактор – экономикалық құлдырау. Ал соғыс не үшін болады? Соғыс жер үшін болады. Қай мемлекетті алсақ та, осы факторларға назар аудару керек. Осылай жүйесін түсінген оқушы ізденеді. Сондықтан баланың миына сақталатын нақпа-нақ фактімен сөйлеу керек. Бәлкім бұрынғы мұғалімдер оқушыларды алға сүйреген болса, қазір біз – мұғалім-бағдарлаушымыз. Оқушылар жаңа технологияны пайдалануда оқ бойы озық кетіп қалды, сондықтан біз оларға нені оқу керек, қалай білім алу қажеттігін нұсқап, мақсат-міндеттерді қоюға көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырамыз», - деген ойымен бөлісті тәжірибелі ұстаз.
Қарағанды қаласында туып, Қарқаралы даласында өскен Гүлнар Мизинбайқызы ана тілімен қоса орыс тіліне де жүйрік. Мектепте қос тілде сабақ беретін ұстаздың сандаған шәкірттері республикалық олимпиадаларда, зияткерлік конкурстар мен ғылыми жобаларға жүйелі қатысып, байқауларда жүлде алып, үздік нәтиже көрсетіп жүр. Оның оқушылармен бірге зерттейтін объектісі, ғылыми жобаларының тақырыбы – этно бағыты, ал кейінгі кезде Астана тарихын зерделеуге назар салды. Тәжірибелі ұстаздың өзінің де «Ұлттық мұратану», «Рухани мұра», «Тарихтағы рухани-әдеби мұра» атты авторлық бағдарламалары жас буын мұғалімдерге бағдаршам іспеттес. Өмір жолы өнегелі ұстаздықпен өріліп келе жатқан Гүлнар Рахимованың сан ұрпақтың буынына білім беріп қана қоймай, өзінің жеті бірдей бауырын тарихшы мамандығына баулып, мұғалім етіп тәрбиелеп шығаруы да – өз ісіне сүйіспеншілігі мен адалдығының көрінісі. Ізденімпаз, жаңалыққа жаны құмар ұстаз білім ортасында, оқушылар мен ата-аналары арасында да зор беделге ие. Ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ұстаздың жетістіктері де, оған сай ие болған марапаттары да жетерлік. Соның ішінде оның «ТМД-ның үздік мұғалімі» атануы мұғалімнің ерек еңбекқорлығы мен шеберлігін айшықтап тұрса, жемісті де нәтижелі жұмысы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталуы – ұстаз еңбегінің биік бағасы.



