ДСМ медициналық ЖОО-ларға түсушілерге талапты күшейтті

Бүгін, 10:15
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views38
ДСМ медициналық ЖОО-ларға түсушілерге талапты күшейтті
Фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрлігі бейінді ведомстволармен бірлесіп, оқуға түсушілерге қойылатын талаптарды күшейтті, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетке байланысты жоғары оқу орындарының оқу жүктемесін теңестірді, сондай-ақ педиатриялық бейіндегі мамандарды даярлау мүмкіндіктерін кеңейтті, деп хабарлады Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2025 жылы Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері бірқатар өзгерістерге ұшырады. Мемлекеттік білім беру саясатының негізгі бағыты – болашақ дәрігерлерді даярлау сапасы. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл 49 мамандық бойынша медициналық бакалавриатқа 2 700 білім беру гранты бөлінді. 2 536 орын игерілсе, тағы 131 грант конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша талапкерлердің арасында қайта бөлінді. Квоталар шеңберінде 33 грант, соның ішінде 2 грант шетел азаматтары үшін, ал 13-і халықтың әлеуметтік осал топтары үшін берілді. 

Оқу жүктемесін оңтайландыру және бірқатар жоғары оқу орынында практикалық даярлық сапасын жақсарту үшін студенттерді ақылы негізде қабылдау қысқартылды. 2025 жылы бұл 4973 талапкер болған еді.

«2025 жылдан бастап түсу үшін ең төменгі шекті балл 10 тармаққа – 70-ке дейін көтерілді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша түсушілер үшін ең төменгі деңгей 100 балдан төмен емес болып белгіленді. Ең ынталы және талантты студенттерді іріктеу үшін ішкі конкурстар енгізілді. Қазақстандық медициналық ЖОО-ларға түсетін шетел азаматтары үшін алғаш рет ағылшын тілін білетіндігін растайтын сертификаттың болуы міндетті талап ретінде енгізілді», - делінген ДСМ хабарламасында.

Министрліктің дерегіне сүйенсек, резидентура деңгейінде мемлекет жыл сайын 2500 грант бөледі. 2025 жылы алғаш рет педиатриялық бейіндегі мамандықтар ауқымы кеңейтілді, 14 жаңа бағыт ашылып, балалар мамандарын даярлау үшін 188 грант бөлінген.

«Биыл терапия, педиатрия, хирургия және басқа да клиникалық пәндерді қамтитын интернатураның 6 бағыты енгізілді. Барлығы 4356 студент бөлінді, олардың жартысына жуығы жалпы практика дәрігерлерін даярлауға арналған. Интернатура болашақ мамандардың клиникалық дағдыларын қалыптастыратын практикалық даярлықтың міндетті кезеңі болып саналады.

Магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша мемлекет магистранттар үшін 325 грант және PhD-докторанттар үшін 160 грант бөлді.

Білім беру саласындағы инновациялар денсаулық сақтау жүйесінің сапалы кадрлық резервін қалыптастыруға, түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елді жоғары кәсіби медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған», - деді ведомстводан.