2027 жылы МӘМС денсаулық саласының негізгі қаржыландыру көзіне айналады – министр

2027 жылы МӘМС қаражаты денсаулық сақтау саласының негізгі қаржыландыру көзіне айналады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрдің сөзінше, сақтандыру моделін енгізу Қазақстанның денсаулық сақтау саласы жалпы шығыстарының ұлғаюына серпін берді. МӘМС іске қосылғаннан кейін салалық қаржыландырудың орташа жылдық қарқыны 2 еседен артық өсіп, 21,2 пайызды құрады.
«Бұл инвестициялардың, соның ішінде жеке инвестициялардың келуін ынталандырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сақтандыру моделі жүйесінде жұмыс істейтін елдердің үздік тәжірибелерін ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакеттерін қайта реттеу жүргізілді. 2027 жылға қарай МӘМС қаражаты сала шығыстарының негізгі қаржыландыру көзіне айналады», - деді министр.
Оның айтуынша, саланы қаржыландыруды ұлғайту халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырды және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді. Мәселен, соңғы 7 жылда 1 адамға арналған медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге ұлғайды.
«Бұл ретте медицина персоналының орташа жалақысы шамамен 2,5 есе, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2,8 есе – 159 мыңнан 442 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бастапқы деңгейде көрсетілетін қызметтер және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе артты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің «табысты адамның осал топқа жәрдемі» негізгі қағидатын жүзеге асыру жүйенің басты жетістіктерінің бірі болды. Бұл әлеуметтік әділдіктің тиісті деңгейін және медициналық көмектің жалпыға бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар министр еліміздегі өмір сүру жасы 75,4-ке жеткенін тілге тиек етті.



