Қазақстанда 4300 адам ағза трансплантациясын жасауды күтіп отыр – ДСМ

Бүгін, 17:55
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views44
Қазақстанда 4300 адам ағза трансплантациясын жасауды күтіп отыр – ДСМ
Фото: ДСМ

Бүгінде Қазақстанда 4300-ден аса адам, оның ішінде 121 бала ағза трансплантациясын жасауды күтіп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әрбір донор жеті адамның өмірін сақтай алады. Сондықтан донорлық мәдениетті дамыту қоғам үшін маңызды міндетке айналмақ.

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық Астанада Ағза донорлығы мен трансплантациясының Еуропалық күніне орайластырылған «Үміт сыйлаған шешім» форумын ұйымдастырды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, медициналық қоғамдастықтың, қоғамдық және діни ұйымдардыңөкілдері қатысты.

«Трансплантологияны дамыту – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты. Бүгінде трансплантация көптеген жағдайда ауыр созылмалы ауруларды емдеудің жалғыз тиімді әдісі болып қала беруде және пациенттерге толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Бірақ ең маңыздысы – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесіне қоғамның сенімін қалыптастыру», - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

ДСМ дерегінше, 2012 жылы елімізде алғашқы жүрек трансплантациясы жасалғаннан бері қазақстандық дәрігерлер бауыр, бүйрек, жүрек, мөлдір қабық, ал 2015 жылдан бастап өкпе трансплантациясын да меңгерді.

Жақын арада балаларға жүрек пен бауыр трансплантациясын жүргізу, сондай-ақ ағза кешендерін транспланттау жоспарланған. 

Сарапшылардың сөзінше, орта есеппен жыл сайын 200-300 пациентке ағза трансплантациясы жасалады. Өмір сүру көрсеткіштері әлемнің жетекші клиникаларының нәтижелерімен салыстырылады: бүйрек реципиенттерінде – 95-97%, бауыр реципиенттерінде – 85%, жүрек реципиенттерінде – 86%.

Жұмысты үйлестіру үшін барлық өңірдегі өкілдіктері бар Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы құрылған.

«Денсаулық сақтау жүйесінде цифрландыру белсенді дамуда: донорлар мен реципиенттерді есепке алудың ақпараттық жүйесі енгізілді, ол деректерді автоматты түрде салыстырады және «күту парағындағы» пациенттер үшін ағзаларды іріктейді. Сонымен қатар заңнама жетілдірілуде. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске және заңға тәуелді актілерге қажетті өзгерістер енгізілді. Алайда ағза донорлығының жетіспеушілігі әлі де негізгі мәселе болып отыр. Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық деңгейі төмен күйінде қалып отыр, ал бұл түйткілді тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана шешу мүмкін», - делінген ДСМ хабарламасында.

Сарапшылардың айтуынша, донорлық жүйеге деген сенімді күшейту, оның этикалық негіздерін түсіндіру және қалыптасқан мифтерді сейілту ерекше маңызды.