Астанада тұмаудың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр

Елордада 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымда жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 260 мыңнан астам жағдайы тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
260 мың науқастың жартысынан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар.
2025-2026 жылғы эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында елордаға жергілікті бюджет есебінен «ГРИППОЛ+» вакцинасының 145 мың дозасы сатып алынды. Вакцинация 1 қазанда басталып, қаладағы 47 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында жүргізіледі.
Егу шаралары тәуекел тобына кіретіндерге арналған: медицина қызметкерлері, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен диспансерлік есептегі балалар, жүкті әйелдер, қарттар үйінің тұрғындары, созылмалы ауруы бар азаматтар және мектеп оқушылары. Бұдан бөлек, вакцина эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша да салынады. Ал барлық қала тұрғындары ақылы негізде жеке клиникаларда екпе ала алады.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында ЖРВИ-мен 6 988 бала ем қабылдаған. Оның ішінде ең көп үлес – 1-3 жас аралығындағы балаларға (39%) тиесілі. Одан кейін 1 жасқа дейінгі нәрестелер – 27%, 3-5 жас аралығындағы балалар – 14%, ал 5 жастан асқандар – 18%. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы стационарда 8 809 бала емделген. Күн сайын қабылдау бөліміне 150-210 бала жүгінеді, ал сырқаттану шарықтау кезеңінде бұл көрсеткіш тәулігіне 450-ге дейін жетеді. Олардың шамамен 30-40%-ы ауруханаға жатқызылады.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруды асқындырғаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда жеңіл. Ол үшін қарапайым, бірақ тиімді шараларды сақтау қажет: қолды жиі сабындап жуу немесе антисептикпен өңдеу, қоғамдық орындарда маска тағу, бөлмелерді желдетіп, ылғалды тазалау.
Сонымен қатар сырқат адамдармен, әсіресе балалармен, қарттармен және созылмалы ауруы бар адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу маңызды.
Иммунитетті күшейтуге теңгерімді тамақтану, толыққанды ұйқы және физикалық белсенділік көмектеседі. Ал ең сенімді қорғаныс құралы – жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцинация.
ЖРВИ мен тұмау әлі де күз-қыс айларындағы ең кең таралған сырқаттардың қатарында. Олар пневмония, бронхит, созылмалы аурулардың асқынуы секілді ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сырқаттану көрсеткіші өсіп тұрған кезеңде ең басты қорғаныс – әр азаматтың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауы.



