Қазақстан мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасын ұсынды

2025 аясында Астанада еліміздің 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл құжат Үкімет қаулысымен бекітіліп, оны Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Макуов таныстырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа стратегиялық құжат көптеген мемлекеттік органдар мен компаниялардың бірлескен еңбегі нәтижесінде әзірленіп, оның практикалық маңыздылығы мен іске асырылуы мүмкін екендігін көрсетеді. Тұжырымдама алдағы 15 жылға арналған отын-нефтехимиялық бағыттағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту мен салудың басымдықтарын айқындайды. Сондай-ақ құжат елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және экономиканың тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
«Қазақстанда мұнай-газ химиясы екі негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Біріншісі – мұнай химиясы, ол бүгінде АНПЗ-де бензол мен параксилол өндірумен шектелгенімен, екінші-үшінші қайта өңдеу деңгейіндегі сұйық мұнай өнімдерін төртінші-бесінші қайта өңдеудегі күрделі органикалық заттарға айналдыру арқылы үлкен әлеуетке ие. Мысалы, алкиларендер, беттік-активті заттар, кетондар, альдегидтер, көпатомды спирттер және басқалары. Екіншісі – газ химиясы, мұнда мысал ретінде полипропилен өндіретін KPI жобасын атап өтуге болады, сонымен қатар полиэтилен және бутадиен жобалары дамып келеді», - деді Талғат Макуов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және нарық сұранысына сәйкес өнімнің икемді желісін шығара алатын интеграцияланған әрі жоғары технологиялы мұнай өңдеу және мұнай-химия кешендерін салу орынды. Бұл басқарушы компаниялардың капитализациясын арттыратын ұзақ мерзімді әрі тартымды активтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді, демек әлеуетті инвесторлар үшін қызықты болмақ. Мұндай зауыттар - мұнай-химия кластерлерінің орталығы.
Тұжырымдама Қазақстанның стратегиялық құжаттарына негізделген. Атап айтқанда, «Стратегия-2050», 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және 2060 жылға дейінгі көміртектік бейтараптық стратегиясы, сондай-ақ жетекші халықаралық энергетикалық ұйымдардың болжамдары ескерілген.
«Саланы дамытуға күтілетін инвестициялар көлемі 15-тен 19 млрд АҚШ долларына дейін жетеді. Бұл өңдеу қуаттылығын жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді және мұнай өңдеудің тиімділігі айтарлықтай өседі», — деді Талғат Макуов.
Басты көрсеткіш – мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасын 5:1 деңгейінен 2,5:1 деңгейіне дейін, яғни екі есеге жақсарту. Бұл – ОЭСР-дің дамыған елдері тәжірибесіне сәйкес жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешендері есебінен қол жеткізіледі. Арнайы назар экологиялық стандарттарға және отыннан шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға аударылған, бұл декарбонизация және «жасыл» даму бағытына сәйкес келеді. Бұдан бөлек, мұнай өңдеу мен мұнай химиясы саласындағы қолданбалы ғылымды дамыту және арнайы ғылыми-зерттеу институтын құру жұмыстары жүргізілуде.
Талғат Макуовтың айтуынша, Тұжырымдаманы іске асыру экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілердің теңгерімін сақтай отырып, саланың тұрақты дамуына бағытталған. Ол ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге, өнімнің икемді желісі арқылы қарқынды дамып келе жатқан Азия нарықтарына экспорттық әлеуетті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.