Бас прокурор Құқық қорғау органдары академиясының ұжымына жаңа ректорды таныстырды

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов өзінің Х әлеуметтік желісінде Құқық қорғау органдары академиясына жаңа ректор тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құқық қорғау органдары академиясының ұжымына жаңа ректор – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, PhD докторы Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіровті таныстырдым. Ол – өңірлерде және Бас прокуратурада басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі прокурор.
Академия алдына маңызды міндеттер қойдым:
– білім беру бағдарламаларын жасанды интеллектке басымдық бере отырып жаңғырту;
– жасанды интеллектті тиімді қолданып, киберқылмыспен және басқа да заманауи қатерлермен күресуге қабілетті сертификатталған прокурорлар мен өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау;
– ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын күшейту;
– Академияның ғылыми басылымдарының халықаралық беделге ие болуын қамтамасыз ету;
– курсанттардың жеке қасиеттерін – тәртіптілікті, қызмет пен мемлекетке адалдықты тәрбиелеуге назар аудару;
– шетелдік бейінді білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты күшейту», - деп жазды Бас прокурор.
Бас прокурор жаңа ректормен бірлесіп Академияны прокуратура мен құқық қорғау органдары үшін кадрлар мен ғылым даярлаудың орталығы ретінде нығайтатындарына сенім білдірді.



